«Түп қазығымызға оралып, болашақты бағдарлайтын кеңестің өткені зор қуаныш» - Мұхтар Төлеген
ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде өтті.
Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог платформасына айналуға тиіс екені, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратынын мемлекет басшысы осы құрылтайды құру туралы алғаш бастама көтергенде айтқан.
Бұл жөнінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлегеннің де өз айтары бар:
- Ұлытауда құрылтай өткізу – бабалар дәстүрінің жалғасы. Осындай келелі кездесулерде біздің ата-бабаларымыз маңызды мәселелерді талқылады, ел үшін маңызды шешімдер шығарды. Демек, салынған сара жолмен бүгінгі ұрпақтың да жүруі заңдылық. Түп қазығымызға оралып, болашақты бағдарлайтын кеңестің өткені зор қуаныш. Ең әуелі Ұлттық құрылтай халық бірлігі мен ынтымағын нығайтуды мақсат етті. Қазір төрткүл дүниеде құндылықтар қақтығысы болып жатыр. Ұлттық құрылтай сыртқы оқиғалардың еліміздегі ахуалға әсерін азайтып, әртүрлі саяси көзқарастағы жандардың басын қосуды көздеуі маңызды. Мемлекет басшысы айтқандай: "Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуы тиіс". Біз референдумды ойдағыдай өткіздік және ауқымды жұмыс енді басталып жатыр. Көпшілік қауым еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарайды, - деп атап өтті өз сөзінде байланысты С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.
Сондай-ақ, университет ректоры қазір жаңа қоғамды құру және жаңа сана қалыптастыру үшін бүкіл халықты біріктіру қажет екеніне сенімді.
- Бұл оңай болмайды, бірақ жұдырықтай жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Мақсатымызға бірге жетеміз, - дейді профессор.