Тәуелсіздік жолы: Алаш мұратынан – Желтоқсан жаңғырығына дейін
Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Тәуелсіздік. Желтоқсан шежіресі» атты тағылымды көрме – қазақ халқының сан ғасырлық азаттық аңсарын, ұлттық мемлекеттілік идеясының қалыптасу жолын және Желтоқсан қаһармандарының өр рухын бір арнаға тоғыстырған мазмұнды рухани кеңістікке айналды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Көрме экспозициясы ел тарихындағы ең күрделі әрі тағдырлы кезеңдерді қамти отырып, Алаш қозғалысынан бастап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына дейінгі тарихи сабақтастықты жүйелі түрде көрсетеді. Мұнда бұрын көпшілікке кеңінен ұсыныла бермеген тың деректер, архив құжаттары мен құнды жәдігерлер алғаш рет бір алаңда топтастырылған.
Көрменің алғашқы бөлімі ХХ ғасыр басындағы ұлттық мемлекеттілік идеясының бастауында тұрған Алаш Орда үкіметінің қызметіне арналған. Экспозицияда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметін айғақтайтын сирек құжаттар қойылған. Алаш петициясының көшірмесі, Алаш Орда үкіметінің құрылуы жөніндегі хаттаманың нұсқасы, архив материалдары – сол кезеңдегі қазақ зиялыларының тәуелсіз ел құру жолындағы жанкешті күресін айқын көрсетеді. Бұл құжаттар Алаш арыстарының азаттық мұраты бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның идеялық іргетасына айналғанын дәлелдейді.
Экспозицияның келесі бөлімі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналған. Жастардың алаңға шыққан сәттерін бейнелейтін фотокөшірмелер, тарихи анықтамалар, сол күндердің куәсі болған құжаттар көрерменді сол бір қасіретті де қаһармандық кезеңге жетелейді. Алматы мен Өскемен қалаларындағы шерулерге қатысқан азаматтардың өмірбаяндық деректері кеңінен ұсынылған.
Әсіресе, Өскемен қаласының желтоқсаншылары – Азамат Баянғазин, Бекжан Камаев, Амангелді Орамалов, Роза Манапқызы, Гүлжан Кәрімғазина және басқа да қатысушылар туралы материалдардың алғаш рет толыққанды түрде ұсынылуы көрменің маңызын арттыра түскен. Бұл деректер өңір тарихындағы Желтоқсан қозғалысының орнын айқындап, жерлестеріміздің ерлігін жаңаша тануға мүмкіндік береді.
Көрменің ерекше әрі тағылымды бөлімі – Желтоқсан көтерілісінің шығысқазақстандық құрбаны, өр рухтың символына айналған Сәбира Мұхамеджановаға арналған. Оның өмір жолы, архивтік деректер, ресми ақтау қаулысының көшірмесі келушілерге ұсынылып, жас қыздың тағдыры арқылы сол кезеңнің қатігез шындығы ашылады. Сонымен қатар, Желтоқсан қаһармандары Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанова туралы да маңызды мәліметтер қамтылған.
Экспозицияның соңғы бөлімі егемен Қазақстанның құрылуы мен даму тарихына арналған. Бұл бөлім Тәуелсіздік жолындағы күрестің тарихи нәтижесін, азат елдің бүгінгі жетістіктерін көрсетіп, өткен мен бүгінді сабақтастыра бейнелейді.
Көрменің басты мақсаты – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің үзілмес тарихи желісін көрсету, Алаш қозғалысынан Желтоқсан оқиғасына дейінгі ұлттық ерлік пен азаттық идеясының эволюциясын кең аудиторияға таныстыру, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру және отансүйгіштік рухты нығайту.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Альфия Бақбаева көрменің маңызын атап өтті.
Тағылым мен тағдыр тоғысқан бұл көрме – Тәуелсіздіктің оңай келмегенін, оның әрбір қадамы елдік мұрат пен ерлікке толы болғанын терең сезінуге мүмкіндік береді.



