KZ
Өскемен
-18°
плотный туман Штиль
504.6 594.27 6.48

ШҚО-да ескек есу слаломы бойынша чемпионат жеңімпаздары марапатталды

16.12.2025, 18:15 136 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған ескек есу слаломы бойынша жалпы дене дайындығынан облыстық чемпионаттың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жарыс 12–14 желтоқсан аралығында Шығыс Қазақстан облыстық су спорт түрлері бойынша олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Чемпионатқа Өскемен және Риддер қалаларынан келген 70 спортшы қатысты.

– Ескек есу слаломы бойынша жарыстар әрдайым жоғары деңгейде өтеді. Бұл спорт түрінен ұлттық құраманың басым бөлігі біздің өңірде жаттығады. Сондықтан Шығыс Қазақстанда дайындық деңгейі алдыңғы қатарда деп нық сеніммен айтуға болады. Аталған чемпионат та соның айқын дәлелі болды – спортшылардың дайындығы өте жоғары. Ескек есу слаломы – жай ғана бөлім емес, бұл – бір мақсатқа ұйысқан үлкен отбасы, – деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің әдіскері Серік Түстiбаев.

Жас спортшылардың айтуынша, жеңіске жету жолы оңай болған жоқ.

– Жарыс өте тартысты өтті. Біз дайындыққа барынша жауапкершілікпен қарадық. Жаттығу залында көп уақыт өткізіп, судағы техниканы жетілдірдік. Нәтиже еңбегіміздің ақталғанын көрсетті. Мен бірінші орынды иелендім. Ел үшін айрықша мәні бар Тәуелсіздік күні жеңіске жету – ерекше қуаныш, – деп әсерімен бөлісті чемпиондардың бірі Нестор Рязанов.

Аталған чемпионат ескек есу слаломын дамытуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі спортшылардың жоғары кәсіби дайындығын айқындап қана қоймай, Шығыс Қазақстандағы ескек есу слаломының болашағы зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді әрі жас спортшыларға жаңа белестерді бағындыруға серпін берді.


Роксана Глыбова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу