Өскеменде Тәуелсіздік рухы асқақтады: «Желтоқсан алауы» мемориалына тағзым
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең қастерлі, ең мағыналы мерекелердің бірі. Осы айтулы күнде Өскемен қаласында халқымыздың азаттыққа деген асқақ рухын айшықтайтын «Желтоқсан алауы» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымды шара тәуелсіздік жолында жанын қиған қаһармандарға деген елдік құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Салтанатты рәсімге жиналған жұрт 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын, сол бір сын сағатта алаңға шыққан қазақ жастарының батылдығы мен ерлігін тағы бір мәрте терең сезінді. «Желтоқсан алауы» мүсіндік композициясы – тек сәулеттік нысан ғана емес, ұлт жадындағы өшпес із, азаттыққа ұмтылған халық рухының символы. Ол еркіндік пен әділдік жолында құрбан болған боздақтардың асқақ бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Еске алу шарасына Шығыс Қазақстанның белсенді жастары мен еріктілері қатысып, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Олар тәуелсіздік үшін күрескен ұрпақтың рухына тағзым етіп, бейбіт өмірдің бағасын ұғынудың маңыздылығын атап өтті.
Мереке аясында Желтоқсан оқиғасының жас қатысушысы, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының тумасы Сабира Мұхаметжанованың рухына ерекше құрмет көрсетілді. 1986 жылы ол тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі ретінде тарихта қалды. Қайсар мінезі мен әділдікке деген адалдығы үшін Сәбира Мұхаметжановаға қайтыс болғаннан кейін «Тарбағатай ауданының Құрметті тұрғыны» атағы берілді.
Тағзым рәсіміне «Байтак» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері де қатысты. Олар Тәуелсіздік күніне орай өткізілген мазмұнды кездесулердің, тарихи жадыны жаңғыртатын бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.
Салтанатты шара барысында қала өнерпаздары патриоттық әндерді орындап, жиналған жұрт тәуелсіздік жолында жанын қиған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл үнсіздік – тарихқа тағзым, ерлікке құрмет, болашақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі еді.
Тәуелсіздік күніне арналған бұл тағылымды шара ел жадындағы Желтоқсан рухының мәңгі өшпейтінін, еркіндік идеясының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников








