KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

«Белсенді қоғам – өркенді өмір кепілі»: Өскеменде Тәуелсіздік рухын дәріптеген тағылымды кездесу өтті

15.12.2025, 16:10 140 Айна Бакимбаева

Тәуелсіздік күні қарсаңында Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада елдік пен ерлікті ұлықтаған мазмұнды әрі тағылымды шара ұйымдастырылды. Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің ұйытқы болуымен өткен «Белсенді қоғам – өркенді өмір кепілі» атты рухани кеш Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің маңызын кеңінен насихаттауға арналды. Кеш аясында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтармен арнайы кездесу өтіп, егемендіктің бағасы мен оның ұрпақ санасындағы орны тереңнен қозғалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шараның басты мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы тарихи кезеңдерді еске алу, егемендік жылдары қол жеткізілген жетістіктерді жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ ел тағдыры үшін күрескен желтоқсаншылардың ерлігін дәріптеу болды. Осы мақсатта өткен кешке Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен қатар қала ардагерлері, қоғам қайраткерлері, студент жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін сахна төріне шыққан мектеп оқушылары ұлтына қарамай, мемлекеттік тілде өлең оқып, Тәуелсіздікке деген құрмет пен елге деген сүйіспеншілікті жыр жолдары арқылы жеткізді. Шараның мемлекеттік тілде өтуі – елдегі бірлік пен татулықтың, ортақ құндылықтардың айқын көрінісіне айналды.
Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринад Ахметжанов сөз сөйлеп, мұндай тағылымды шаралардың жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Өскелең ұрпақ сіздер жүріп өткен жолдан тағылым алады. Бүгінгі тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанымыз – сіздердің ерлігіңіздің жемісі. Осындай аға буынның бар болуы – біз үшін үлкен мәртебе. Баршаңызды еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, – деді ол.

Кеш барысында тарихтың терең қатпарларына бойлап, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының мәні мен маңызы кеңінен сөз болды. 1980 жылдардың ортасында кеңестік жүйеде қордаланған қайшылықтар ашық көріне бастады. Ескі басқару жүйесі мен жаңа ойлау арасындағы қақтығыс ең алдымен қазақ жастарының бой көтеруімен айқындалды. 1986 жылғы желтоқсанда Алматының орталық алаңына шыққан жастар «Қазақстан жасасын!», «Республикаға бостандық!» деген ұрандармен елдің еркіндігі мен теңдігін талап етті. Бұл оқиға кейін Тәуелсіздікке бастар жолдың алғашқы әрі шешуші қадамы ретінде тарихта қалды.
Сол күндері Қайыр Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Мырзақұл Әбдікұлов сынды жас азаматтардың есімі ел жадында мәңгілікке сақталды. Олардың ерлігі – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани негізіне айналды.
Ресми деректерге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында 364 желтоқсаншы куәлік алған. Оның ішінде 96 адам ақталған, ал Өскемен қаласының өзінде 40 азаматтың есімі әділдікпен қайта танылды.
Шығыс Қазақстан облыстық «Jeltoqsan-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов Желтоқсан оқиғасының тарихи шындығын бұрмалауға жол бермеу керектігін атап өтті.

– Желтоқсан оқиғасының ақиқаты әлі толық ашылды деуге келмейді. Кейде деректер бұрмаланып, болмаған жайттар айтылып жатады. Мұндайға жол бермеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мәңгі болсын, – деді ол.

Өскемен қаласындағы аумақтық басқару орталығы №5 филиалы ардагерлер кеңесінің төрағасы Наталья Уколова Тәуелсіздік күнінің тарихи маңызына тоқталып, жастарға үндеу жасады.

– Бұл – Қазақстан халқының өз тағдырын өзі айқындаған тарихи таңдауы. Бүгінгі шараға студент жастардың қатысуы бізді ерекше қуантады. Болашақ – жастардың қолында, тәуелсіз елімізді нығайту – сіздердің парыздарыңыз, – деді ардагер.

Кездесуге қатысқан қалалық жастар ресурстық орталығының өкілі, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ жанындағы колледждің студенті Анель Шарипжанова да өз әсерімен бөлісті.

– Желтоқсаншылармен жүздесу – біз үшін үлкен өмір сабағы. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың аңсаған арманы, бүгінгі жастарға қалдырылған аманат. Осындай тағылымды кештердің жиі өтуі өте маңызды, – деді студент.

Кештің мәдени бағдарламасы да мазмұнымен ерекшеленді. Мәдениет ардагері, «Желтоқсан-1986» қоғамының мүшесі Тоқтарбек Рахатовтың орындауындағы «Желтоқсан желі» әні көрермендерді тебірентсе, ардагерлердің «Ақ босаға» ансамблі әуелеткен «Күн дидарлы Қазақстан» мен «Атамекен» әндері елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті.
Салтанатты жиын барысында ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен қоғам белсенділері Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Сайлаухан Аухадиев, Жамантай Қажмұратов, Валентина Котлярова, Бағдәулет Қайсанов, профессор Ленста Аубакирова, ардагерлер кеңесінің төрағалары Ануза Жұмаханова, Любовь Сергиенко, Мария Жұмағұлова, сондай-ақ Өскемен қаласының Құрметті азаматы Борис Щербаков бар.
Шара соңында ардагерлер кеңесінің басты миссиясы – өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру, ел мен жерге қызмет етуге тәрбиелеу, Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру екені атап өтілді.
Егемендік жылдары Қазақстанда саяси тұрақтылық орнап, қоғамдық келісім мен бейбітшілік нығайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі артты, ұлттық рух пен тарихи жады жаңғырды. Білім, ғылым, мәдениет пен спорт салаларында жаңа мүмкіндіктер ашылып, жастардың өз елінде дамуына жол кеңейді.
Тәуелсіздік – халқымызға еркін таңдау мен өз болашағын өзі айқындау құқығын сыйлаған ұлы құндылық. Ал Желтоқсан қаһармандарының ерлігі мен ардагерлердің еңбегі бүгінгі бейбіт өмірдің берік іргетасына айналды. Кешке қатысушылар ел тәуелсіздігі өткеннің тағылымы мен бүгінгі буынның жауапкершілігі арқылы ғана баянды болатынын ерекше атап өтті.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу