KZ
Өскемен
-15°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
515.02 604.22 6.5

Супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы басталады

15.12.2025, 17:30 129 Төлеуғазы Жансая

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша кезекті кеңес өтті. Кеңес барысында еліміздегі негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасының қазіргі ахуалы, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуінің алдын алу шаралары жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ресми деректерге сәйкес, қараша айында қазанмен салыстырғанда азық-түлік емес тауарлар бағасының өсімі баяулап, 0,9%-ды құрады. Ал азық-түлік өнімдерінің бағасы өткен ай деңгейінде сақталып, 1% шамасында қалып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға индексі соңғы төрт апта бойы өзгеріссіз болып, тұрақтылық байқалуда.

Көкөніс бағасын тұрақтандыру: «жасыл дәліздер» енгізіледі

Кеңес барысында Серік Жұманғарин жылыжай көкөністерінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауына ерекше назар аударды. Осыған байланысты вице-премьер шекарадағы өткізу бекеттерінде Түрікменстаннан импортталатын көкөністер үшін жедел түрде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды.

Аталған шара жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерді қолжетімді бағадағы көкөністермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Үкімет бұл қадам баға қысымын төмендетіп, тұтынушылар үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін арттырады деп отыр.

Жаңа жыл қарсаңында – жаппай жәрмеңкелер мен жеңілдіктер

Алдағы жаңа жыл мерекелері қарсаңында, 22–31 желтоқсан аралығында, еліміздің супермаркеттерінде «Bereke fest» атты республикалық акция басталады. Акция аясында фермерлерден тікелей жеткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары төмендетілген бағамен сатылатын болады.

Сонымен қатар желтоқсан айында еліміздің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы және жаңа жылдық бағыттағы 800-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланған. Тек өткен аптада ғана 149 жәрмеңке ұйымдастырылған. Сауда және интеграция министрлігіне шалғай өңірлерге, соның ішінде Маңғыстау және Ұлытау облыстарына тауар жеткізу мәселесінде жәрдем көрсету тапсырылды.

Кеңесте Ұлытау облысындағы логистикалық қиындықтар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтайтын қойма орындарының тапшылығы да сөз болды. Осыған байланысты Серік Жұманғарин өңірде заманауи логистикалық орталық құру міндетін қойды.

Жаңа орталық өңірдің азық-түлік қорын жеткілікті көлемде сақтауға, логистикалық шығындарды азайтуға және өңірлік тарату хабын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Азық-түлік қорын бақылау – цифрлық жүйе арқылы

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктеріне қатысты қолданыстағы ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары туралы баяндады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, қоймаларда азық-түлік қорын бақылауға арналған онлайн мониторинг жүйесін орнату міндеттеледі. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда қаласында 3 мың шаршы метрлік қоймада пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Келесі жылдан бастап барлық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қоймалары осындай жүйелермен жабдықталып, азық-түлік қорларының бар-жоғы, сақтау жағдайы мен сапасы нақты уақыт режимінде бақыланатын болады.

Жауапты ведомстволардың мәліметінше, аталған өзгерістер жақын арада күшіне еніп, инфляцияны тежеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік шараларды күшейтеді.


Фото: Үкімет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу