Сарыөлеңнің дамуына жаңа серпін: ШҚО-да сегіз айда салынған мектеп ашылды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Сарыөлең ауылы үшін тарихи сәт туды. Бар болғаны сегіз айдың ішінде бой көтерген заманауи мектеп ауыл балаларының игілігіне беріліп, білім мен болашаққа жетелер жаңа жолдың бастауы болды, деп хабарлайды Altainews.kz.
15 желтоқсан күні Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең ауылында жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасы өкілдері, мәслихат депутаттары мен партия мүшелері қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге қуанышты сәттің куәсі болды.
Қонақтар жаңа білім ордасының ғимаратын аралап, материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Кең әрі жарық сыныптар, заманауи жабдықтар, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасы – бәрі де ауыл балаларының сапалы білім алуына бағытталған. Оқушылармен еркін форматта жүздескен меймандар олардың ой-пікірін тыңдап, жаңа мектепке деген қуанышын бөлісті.
Мерекелік шара барысында мектеп жанындағы балабақша тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табысталып, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйланды. Бұл – ауылдағы білім беру жүйесінің сабақтастығын айқындайтын жарқын көрініс болды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жаңа мектептің әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды.
Айта кетейік, мектеп құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл – жүйелі жоспарлау мен қатаң бақылаудың, нақты нәтижеге бағытталған еңбектің жемісі.
Жаңа мектеп – тек ғимарат емес, ол – ауылдың ертеңіне салынған іргетас, жас ұрпақтың болашағына жасалған маңызды инвестиция. Тарбағатай ауданында білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.







