2030 жылға қарай ШҚО су және жылу электр станцияларының қуатын арттырады
Шығыс Қазақстан облысы 2030 жылға дейін энергетикалық қуат көздерін едәуір кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа су электр станцияларының құрылысы, қолданыстағы энергия көздерін жаңғырту және жылу электр орталықтарын салу жұмыстары жылу тапшылығын азайтып, электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазір өңірде сегіз ірі энергетикалық ұйым, қосымша жеті су электр станциясы мен үш жылу электр станциясы жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаты шамамен 1,6 ГВт-ты құрайды. 2025 жылдың он айында электр станциялары 6,3 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндірсе, нақты тұтыну көлемі 5,4 миллиард кВт/сағ құраған. Осылайша, қыс мезгіліндегі сұраныстың артуы мен кейбір станциялардың жұмысындағы шектеулерге байланысты туындайтын тапшылыққа қарамастан энергетика саласының мамандары шамамен 479 миллион кВт/сағ көлемінде электр энергиясын артық қамтамасыз еткен.
Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі жалпы өндірістің 3,6 пайызын құрайды. Олардың қатарында Тишин, Хайрузов, Үлбі, Тұрғысын және Зайсан су электр станциялары бар.
Ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес облыста қосымша 670 МВт жаңа қуат көзін енгізу көзделген. Қолданыстағы нысандарды жаңғырту 162 МВт қуат берсе, тоғыз жаңа су электр станциясының құрылысы шамамен тағы 150 МВт қосады. Жобада Бұқтырма, Үйдене, Жеменей, Қалжыр және Күршім өзендерінде салынатын станциялары бар десек, оларды 2027–2030 жылдары пайдалануға беру көзделген.
Қазіргі таңда Өскемен қаласының орталық және сол жағалау бөліктерінде жылу тапшылығы сақталып отыр және бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай 430 Гкал/сағ-қа дейін жетуі мүмкін. Мәселені шешу үшін жаңа қазандық агрегаттары салынып, қолданыстағы қазандықтар кеңейтілуде және қосымша жылу желілері тартылып жатыр.
Сонымен қатар, электр қуаты 360 МВт және жылу энергиясы 1 000 Гкал/сағ болатын №3 жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр. Жобаны «Өскемен Энерго» ЖШС жүзеге асырады және станцияны 2030 жылға қарай пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа нысандардың құрылысы мен қолданыстағы объектілерді жаңғырту жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, жылу мен электр энергиясы тапшылығын азайтуға, сондай-ақ өңірдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Роксана Глыбова
Аударған: Айдос Мырзахметов
Фото: ШҚО ӨКҚ