ШҚО-да мыңнан астам қараусыз мал «айыппұл тұрағында»
Шығыс Қазақстан облысының аумағында 1 - 10 наурыз аралығында мал ұрлығына қатысы бар адамдарды анықтауға, оларды ұстауға және қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған «мал ұрлығы» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.
Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу басталғаннан бері 21 қылмыс ашылды, оның ішінде 5-і өткен жылдар қатарынан.Сондай-ақ 12 адам және мал ұрлаумен айналысқан 2 топ ұсталды .
Мысалы, Зайсан ауданында өткен жылдың қараша айында жайылымнан 3 000 000 теңгеден астам сомаға 10 бас мал ұрлаған 38 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
- Мал және ет өнімдерін тасымалдаған 1 500-ден астам автокөлік, 1 137 шаруа қожалығы және мал және ет өнімдерін сататын 500-ден астам базарлар, дүкендер, павильондар тексерілді. Тасымалданатын малды осындай тексеру барысында Алматы облысының 47 жастағы тұрғынының жалған құжаттарды пайдалану фактісі анықталды, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 336 ауыл шаруашылығы жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың кейбіреулері бірнеше рет. Мысалы, ағымдағы жылдың өзінде ғана 6 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған Ұлан ауданының 30 жастағы тұрғыны.
«Айыппұл тұрағына» 1000-нан астам қараусыз мал қамауға алынды.