KZ
Өскемен
-19°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Елде трансплантация жүйесі дамып келеді: донорлар саны екі есеге артты

15.12.2025, 16:00 139 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда орган трансплантациясы саласында оң серпін байқалуда. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен жиында Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығы елдегі орган донорлығының айтарлықтай артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Республикалық орталықтың мәліметінше, 2025 жылдың 10 айында қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация саны өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өскен. Ал нақты донорлар саны 6-дан 16-ға дейін көбейіп, екі есеге жуық артқан.

– Азаматтардың Gov.kz порталында берген өтініштері 27 пайызға, ал донор болуға келісім білдіргендердің саны 63 пайызға артты. Бұл – қоғамда орган донорлығына деген түсініктің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, – деді Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының басшысы Айдар Ситқазинов.

Сонымен қатар, тірі донорлардан жасалатын операциялар саны да көбейген. Мамандар бұл өсімді трансплантация саласындағы инфрақұрылымның кеңеюімен байланыстырады. Егер 2024 жылы елде 7 трансплантация орталығы жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 11-ге жеткен.

Қазіргі таңда Қазақстанда 4521 адам өмірлік маңызы бар ағза трансплантациясын күтуде. Олардың қатарында бауыр, бүйрек, жүрек және «жүрек–өкпе» кешенін қажет ететін науқастар бар.

Жүйедегі оң өзгерістердің нәтижесінде күту тізіміндегі науқастар арасында өлім-жітім көрсеткіші 4,6 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш трансплантация саласындағы ұйымдастыру жұмыстарының тиімділігін айғақтайды.

Белсенді өңірлер қатарында ШҚО да бар

Донорлық бағытта ең жоғары белсенділік танытқан өңірлердің қатарында Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары аталды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында ғана орган ауыстыруды күтіп отырған 232 адам бар, оның ішінде 7 бала тіркелген. Бұл науқастар үшін трансплантация – өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі.

ШҚО-да екі донор 12 адамға өмір сыйлады

Шығыс Қазақстанда екі рет қайтыс болған донорлардан мультиорганды алу операциясы жүргізілген. Нәтижесінде 12 қазақстандыққа, оның ішінде балаларға да, екінші өмір сыйлау мүмкін болды.

Өңірлік трансплантация координаторы Аслан Нұрғалиевтің айтуынша, бұл оңай қабылданатын шешім емес.

– Бес ықтимал донор анықталды, алайда тек екі жағдайда ғана марқұмның туыстары келісім берді. Осы екі келісімнің арқасында 12 адамның өмірін сақтап қала алдық. Бұл – үлкен адамгершілік шешім, – деді ол.

Жүйе жаңарып, халықаралық тәжірибе енгізілуде

Бүгінде трансплантация саласында бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттар қайта қаралып, профильдік бұйрықтарға өзгерістер енгізілуде. Сонымен қатар дәрігерлерді Қазақстанда және шетелде оқыту, халықаралық тәжірибені енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл бағытта Испания, Түркия және Беларусь елдерімен ынтымақтастық кеңейіп келеді. Аталған мемлекеттер орган донорлығы саласында озық тәжірибеге ие.

Жиын қорытындысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда:

  • өңірлерде трансплантация жүйесінің дамуын тұрақты мониторингте ұстау;
  • донорлық ағзаларды жедел әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету;
  • цифрлық шешімдерді енгізу;
  • донорлықтың маңызын кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Сарапшылардың айтуынша, орган донорлығы – тек медициналық емес, қоғамдық жауапкершілік пен гуманизмнің көрсеткіші. Әрбір келісім – бір емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары көрсеткіштердің өсуі қазақстандықтардың бұл мәселеге саналы түрде қарай бастағанын аңғартады. Ал жүйелі жұмыс, ашық ақпарат пен сенім артқан сайын, өмірге қайта оралатын адамдар саны да көбейе бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу