Қазақстан-Ресей ынтымақтастық форумы: "Бал астаналарының" байланысы нығаяды
Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Башқұртстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ильшат Фазрахмановпен кездесті.
Қос тараптар ара шаруашылығын және туриз саласын дамыту мәселелерін талқылады. Ермек Беделбайұлы екі аймақты екі елдің «бал астанасы» деп атауға болатынын айтты. Сондықтан алдағы уақытта омарташылар қауымдастығын құруға болады. Башқұртстанда аралардың генетикалық сараптамасын жасайтын зертхана орналасқан. Ресейде мұндай зертхана біреу-ақ. Біздің тарапты осы жағы қызықтырды.
Сондай-ақ облыс әкімі көрше елден келген серіктестерге шекара маңындағы ауданда тауар қоймасын салуды ұсынды. Жалпы Шығыс Қазақстан облысы, орналасқан аумағын ескерсек, Ресей Федерациясы мен ҚХР арасындағы транзиттік хаб бола алады.
– Біз бірлесіп жұмыс істейтін бағыт көп. Шығыс Қазақстан инвесторларға ыңғайлы жағдай жасауға дайын. Біздің міндетіміз – бизнеске өріс ашу. Содан кейін кәсіпкерлер өздері-ақ іске кіріседі, – деді Ермек Көшербаев.
Ал Ильшат Фазрахманов Башқұртстанда туризм қалай дамып жатқанын айтты.
– Біз жуық арада жол бойында қызмет көрсететін екі мыңға жуық нысан салуды жоспарлап отырмыз. Башқұртстанда қымыздың жүз түрі бар. Елімізде көшпелі мәдениет мықты дамыған, мұның бәрі туристерді қызықтырады, – деді Башқұртстан делегациясының басшысы.
Туризм саласында тәжірибе алмасу үшін халықаралық бизнес апталығы аясында Шығыс Қазақстаннан Уфаға мамандар барады. Кездесуде осы мәселе келісілді. Оған қоса, Ермек Көшербаев көрші елден келген әріптестерін қараша айының соңында болатын бүркітшілер фестиваліне шақырды.