ШҚО-да 651 азамат банкрот деп танылды
ШҚО ӨКҚ
Елімізде 2023 жылдың 3 наурызынан бастап халықтың қарыздық жүктемесін азайтуға бағытталған «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енген болатын. Шығыс Қазақстанда осы заңның орындалу барысы туралы мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сот арқылы банкроттық рәсіміне 91 өтініш берілген. Олардың ішінде 22 адам банкрот деп танылды, 15 іс бойынша рәсімдер әлі де жалғасуда, қалған өтініштер қараусыз қалдырылған немесе қайтарылған. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 19 тұрғын таңдаған, оның ішінде 8 іс бойынша қарыздарды қайта құрылымдау жоспары бекітілген, – деді ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Қойшинов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Жалпы, заңда үш түрлі рәсім қарастырылған.
Соттан тыс банкроттық – қарыз мөлшері 1 600 АЕК-ке дейінгі сомада болған жағдайда қолданылады. Егер борышкердің соңғы 12 айда төлем жүргізбегені және оның атына тіркелген мүлкі болмағаны анықталса, өтінішті Egov порталы немесе ХҚКО арқылы беруге болады. Рәсім шамамен алты айға дейін созылады.
Сот банкроттығы – егер қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен асса, бұл рәсім қаржы басқарушысының қатысуымен өтеді. Жалғыз тұрғын үй кепілде болмаса, борышкердің иелігінде қалады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – банкрот деп танылмай, қарыздарды бес жыл ішінде бөліп өтеу мүмкіндігін береді.
Сонымен бірге Қазыбек Қойшинов банкрот деп танылған азаматтар бес жыл бойы жаңа несие рәсімдей алмайтынын атап өтті. Қайта банкроттық рәсімін бастау жеті жылдан кейін ғана мүмкін болады. Айта кету керек, алимент төлеу, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу және қылмыстық айыппұлдар бойынша міндеттемелер жойылмайды.
Кеңес алу үшін тұрғындар Өскемен қаласы, Пермитин көшесі, 27 үй, 108 кабинет мекенжайындағы Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіне алады немесе 8 (7232) 70-15-58, 24-25-62 телефондары арқылы хабарласа алады.