Төр Алтайда жыр тулайды: Қатонқарағайда халықаралық айтыс өтпек

Шығыс Қазақстанда дәстүрге айналған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль биыл да көрерменін ерекше рухани думанмен қуантпақ. Он жылдан аса уақыттан бері үздіксіз өтіп келе жатқан бұл мерейлі шара – түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын ұлықтайтын, әдебиет пен өнердің дамуына дем беретін бірегей алаң. Фестиваль аясында 14 маусым күні Қатонқарағайдың көркем қойнауында «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Халықаралық фестивальдің негізгі бағдарламасы үш күнге созылады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталмыш шараның маңыздылығына ерекше тоқталып, шығысқазақстандықтарды осы мәдени мерекеге белсене қатысуға шақырды.
Фестивальдің бірінші күні – ғылыми-тәжірибелік конференциямен ашылып, кейін «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия кешімен жалғасады.
Екінші күні ұлттық өнердің мәйегі – «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық айтыс өтеді. Ал үшінші күні көпшілік асыға күтетін думан – Катонқарағай ауылының ипподромында өтетін ұлттық ойындар алаңында жалғасын табады. Атадан қалған спорттық сайыстар мен этношаралар көрерменге ерекше әсер сыйламақ.
Фестивальдің екінші күнінде өтетін айтыс – тек поэзия жарысы емес, тарихи жадымызды жаңғыртып, бауырлас халықтардың рухани байланысын тереңдете түсетін тағылымды аламан. Бұл жолғы айтысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес Қырғызстан мен Моңғолиядан да сөз жүйріктері қатысады.
Сахна төрінде Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Дидар Қамиев, Рауан Қайадров, Рүстем Қайыртай, Нұрмат Мансұров, Хазірет Бердіхан сынды ақындар сөз саптаса, Моңғолиядан қандасымыз Іңкәрбек Әділхан мен Қырғызстаннан келген Нұрсұлтан Малдыбаев өз өнерлерін ортаға салады. Ал шығыс өңірінің намысын Серік Қуанған, Еркін Қуаныш және Гүлжан Ықыласқызы қорғайды.
Айтысты көптің көзайымына айналған белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев жүргізеді. Ал қазылар алқасына айтыс өнерінің ақсақалы Жүрсін Ерман төрағалық етеді. Қазылар қатарында елімізге танымал қаламгерлер мен суырыпсалма поэзия шеберлері болады деп күтілуде.
Айтыстың айтары терең. Бұл – ежелгі түркі өркениетінен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кемел келбеті мен түркі жұртының ортақ мұрат-мүддесіне дейінгі кең өрісті ойды өлеңмен өрнектейтін рухани платформа. Ақындар жырында көне түркінің күрделі тарихы, қазақ халқының азаттық жолындағы күресі, бүгінгі елдің бейнесі және түбі бір түркі халықтарының ынтымақ-бірлігі кеңінен көрініс табады.
Сөз өнерін қадірлеген жұртшылық үшін бұл – сағынып күтетін оқиға. Қатонқарағайдың көркем табиғат аясында өтетін бұл жыр додасы тыңдарманға рух береді, жүрекке ой салады.
Айтыс 14 маусым күні сағат 10:00-де басталады. Ел мен жердің мерейін асқақтататын бұл шара – ұлт өнерінің ұлы мұрасын ұлықтау жолындағы тағы бір жарқын белес болмақ.