Шығыстың белгілі журналисіне «Шапағат» медалі табысталды
Фото: aman_dyussenbayev.kz
Ақордада бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бір топ журналист Мемлекет басшысының арнайы марапатына ие болды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газеті мен Buqara.kz сайтының бас редакторы Талғатжан Мұхамадиев те бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Buqara.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан берілген «Шапағат» медалі – Талғатжан Мұхаметбекұлының отандық журналистикаға қосқан сүбелі үлесінің белгісі. Өңірлік журналистиканың дамуына елеулі еңбек сіңіріп жүрген қаламгердің еңбегі жоғары бағаланды.
Талғатжан Мұхамадиев Өскемендегі С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың журналистика мамандығын тәмамдаған. Ол кәсіби жолын 2015 жылы «Алдаспан» газетінде тілші болып бастап, кейіннен «Менің өлкем» газетінде, республикалық «Жас қазақ» және «Заң» басылымдарында меншікті тілші ретінде қызмет атқарған. Бүгінде облыстық «Менің өлкем» газеті мен Buqara.kz сайтының бас редакторы.
Ол – түрлі жанрда қалам тербейтін тәжірибелі журналист. Авторлық сараптамалары, қоғамдық ой тудырған сұхбаттары мен соңғы жылдары жиілеген жолсапар очерктері өңір жұртшылығының ықыласына ие болып келеді. Бұған дейін ол «Үркер-2019» ұлттық сыйлығы мен «Nur Otan» партиясының «Nur Sunqar» байқауына қатысып, ШҚО әкімінің «Қоғам үнi» номинациясы бойынша III дәрежелі дипломымен марапатталған.
Өзі жазғандай, «еңбек еткен адам ғана мұратына жетеді». Ол – кәсібіне адал, ұстанымы берік журналист.
Бұқара мен билік арасын жалғап, ел ішіндегі өзекті мәселелерді ашық көтеріп жүрген әріптесімізге шығармашылық шабыт, толағай табыс тілейміз!