KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
517.66 606.49 6.44

Инватакси қызметі жаңа деңгейге көтерілуде

depositphotos.com

8.07.2025, 17:00 220 Айна Ескенқызы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету тетіктері заманауи технологиялармен толықтырылып, инватакси қызметін такси агрегаторлары арқылы ұсыну жөніндегі пилоттық жоба іске қосылған болатын. Жоба әзірге Астана мен Алматы қалаларында енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылдың басынан бері Астана мен Алматы қалаларында инватакси қызметі 221,7 мың рет көрсетілді. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 207,2 мың болған.

Бұған дейін инватакси қызметін алу үшін азаматтар алдын ала бір күн бұрын телефон арқылы жазылып, кейде көлік тапшылығынан ұзақ күтуге мәжбүр болатын. Бұл өз кезегінде сапарды алдын ала жоспарлауға кедергі келтіріп, қызмет сапасына әсер ететін.

Аталған проблемаларды шешу және процесті жеңілдету мақсатында салалық министрлік әкімдіктермен бірлесіп такси агрегаторларын тарту арқылы қызмет көрсету механизмін өзгертуге кірісті. Бұл бағыттағы пилоттық жобаның басты артықшылығы – агрегаторлар сапардан пайыз алмайды. Атап айтқанда, «Яндекс» компаниясы бұл жобаға өтеусіз негізде қатысуда.

Пилоттық жоба аясында азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметін пайдалана алады. Бұл:
    •    көлікті жылдам табуға;
    •    тапсырыстың мәртебесін онлайн бақылауға;
    •    сапарлар бойынша деректер мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді.

Қосымшада арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылған: мүгедектігі бар азаматтар жүргізушіге өз қажеттіліктері туралы ескертпе қалдыра алады. Ал жүргізушілерге адамды көлікке отырғызу және түсіру кезінде қалай көмек көрсету керектігі жөнінде арнайы нұсқаулық ұсынылады.

Бүгінде жоба Астана мен Алматыда фокус-топтардың қатысуымен пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Болашақта бұл тәжірибе еліміздің басқа өңірлеріне кеңінен таратылмақ.

Инватакси – қолжетімді орта қалыптастырудың маңызды бөлігі. Ал бұл жобаның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жандардың қозғалыс еркіндігін арттырып, олардың күнделікті өмірін жеңілдету.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу