Өскеменде инватакси қызметіне қатысты мәселе талқыланды
Өскеменде "ALAN" саяси клубының жиналысы өтті.
Дөңгелек үстелде саяси партия өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватакси қызметінің жұмысын талқылап, көліктердің жетіспеушілігіне байланысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетсек, бүгінгі таңда облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 28 мыңнан асады. Инватакси қызметі әлеуметтік порталда тіркелген, мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырылады. Облыс бойынша 11 көлік инватакси қызметін көрсетеді екен.
Дөңгелек үстелде автопаркті жаңарту, жаңа машиналар сатып алу сияқты сұрақтар талқыланды.
Саяси партия өкілдері келесі жиынға дейін шетелде және басқа өңірлерде инватакси қызметі қалай дамып жатқанын және еліміздің басқа аймақтарындағы тәжірбиелерге сүйене отырып, ШҚО-ға жаңа тыныс алып келу туралы шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетсек, Altainews.kz сайты бұған дейін облыстағы инватакси қызметіне қатысты мәселе жайлы жазған болатын.
Фото: Аяужан Утеулинова