Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі инватаксиге қатысты жауап берді - Өскемен
Фото: inbusiness.kz
Кеше біз Өскеменде инватакси жүрмей қалғаны туралы жазған едік.
Осы мәселеге қатысты Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен ресми жауап келді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
- 2024 жылға Өскемен қалалық мәслихаты сессиясының шешімімен бюджет 2023 жылғы 26 желтоқсанда бекітілді. Инватакси қызметтерін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өтпеді деп танылды (екіден аз өтінім беру, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 424-тармағы), бес жұмыс күні ішінде конкурс қорытындыларына шағым жасалады. Инватакси қызметтерін көрсету мәселесін шешу үшін мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін "Үлбі" орталығының әлеуметтік такси қызметінің қызметтерін пайдалану туралы шешім қабылданды. Қазір Өскемен қаласының мүмкіндігі шектеулі жандарына екі жеңіл автокөлік, екі ГАЗель (оның біреуі арнайы жабдықталған) көліктері қызмет көрсетуде, - делінген Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ. Баубекованың ресми жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы инватакси қызметіне облыстық бюджеттен 46 миллион теңге бөлініп, өңір бойынша барлығы 11 көлік қызмет көрсеткен болатын. Биыл осы мақсатқа Өскемен қаласы бойынша 37 миллион 500 мың теңге қарастырылса, облыс бойынша 54 миллион бөлінген екен.
Оқи отырыңыз