ШҚО-да «Инватакси» қызметі жетілдіріле түспек
Фото: depositphotos.com
Келер жылдан бастап «Инватакси» қызметі мемлекеттік қызметке айналады, сондықтан қалалар мен аудандардың әкімдіктері болашақта қызмет көрсететін жеткізушілерді анықтап, бюджеттен қаражат бөлуі қажет. Бұл туралы бүгін өткен облыстық әкімдік мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Инватакси» қызметі 6 аймақта жұмыс істейді. Қазіргі уақытта облыста 19 инватакси бар. Өскеменде 3 арнайы және 7 жеңіл автомобиль жұмыс істейді. Ал Алтай, Ұлан, Күршім, Шемонаиха аудандарында арнайы көліктердің саны шектеулі. Қалған аудандарда мүлдем жоқ.
Жалпы, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Мәселен, биыл менталдық ауытқуы бар 467 баланы санаторийлік емдеумен қамтуға республикалық бюджеттен 193 млн теңге бөлінген.