«Айдаһармен» арпалысқан академик
«Дидар» газетінің жер-жердегі оқырмандары арасында күнде болмаса да, күн аралатып телефон шалып, жолдары түсіп Өскеменде бола қалса, ерінбей-жалықпай салып ұрып редакцияға ат басын тірейтіндері де бар.
Сондай оқырмандарымыздың тағы да бірі іздей кепті. Бұл жолы Астанадан келген екен. Жас шамасы 80-нен асып кеткен Рымбек ақсақалдың қолтығына қыстырған қомақты папкасы бар.
Амандық-саулықтан соң, жайғасып жатып: – Серікжан, сен академик Атшабаров деген кісіні танисың ба? – деді жүзіме барлай қарап.
– Жоқ аға, танымайды екенмін, – деп шынымды айттым.
– Ендеше көп уақытыңды алып, жұмысыңа кедергі болмайын. Мына папкадағы жазбаларды бір қарап шықсаң, көп нәрсеге қанығасың. Кейінірек хабарласармын, жарай ма,– деп телефонымның номерін жазып алып, қош айтысып кетіп қалды.
«ҚАЙНАР СИНДРОМЫНЫҢ» АВТОРЫ
Сонымен «Академик Атшабаров деген кім?» дейсіздер ғой. Бір сөзбен айтар болсақ Бақия Атшабаров – қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, болашақ ұрпақтың саулығын ойлап басын оққа тіккен, ақиқат үшін аузынан от шашқан айдаһармен де алысқан Алаштың арда азаматы. Ол кісінің ұлтымыз үшін атқарған қызметі, ерен еңбегі мен азаматтық ұстанымы бір мақаланы қойып, бірнеше кітапқа жүк болатындығына өз басым Рымбек ағаның қалдырып кеткен папкасына үңілгенде барып көз жеткіздім.
Осы еңбектерінің ішіндегі ең ерені – Семей ядролық полигонының жабылуына тікелей себепкер болғандығы.
Бақия Атшабаров жайында қазақ академиктері Төрегелді Шармановтан бастап, Қабдырахмен Дүйсембин,
Н.Б.Ахматуллина, профессорлар Ахмет Алдашев, Б.Н.Айтбембет, М.Е.Зельцер, Я.Благодарный (Израиль), В.Л.Резник, В.Козловский, Серік Ибраев және тағы да басқа оқымысты ғалымдардың, қоғам қайраткерлері мен қарапайым жандардың жазған естеліктері мен жүрекжарды лебіздерінде шек жоқ және ол лебіздер мен естеліктер өз кезегінде көптеген баспасөз беттерінде жарық көрген екен.
Осы жерде кез келген адамды «Оларды, яғни, лебіздер мен естеліктер авторларының академик Б.Атшабаров жайлы толғанып, тебіренулеріне не түрткі болды екен?!» деген сауалдың қызықтырары сөзсіз. Ендеше сол авторлардың бірнешеуінің жазбасына көз жүгіртейік.
Академик Төрегелді Шарманов:
– Бақия Атшабарұлының ғылымға сіңірген еңбектерінің мәні мен саны өте мол. Оның айқын мысалдары: жарық көрген 200-ден астам мақалалары, он шақты монографиялары, дайындаған 50-ден астам ғылым кандидаттары мен докторлары.
Осы уақытқа дейін жабулы перде астында келген, қатаң құпиялы түрде сақталған бір жайттың жария болар шағы жетті деп ойлаймын. Әрі оның бұл еңбегі ерлікпен пара-пар.
Атшабарұлының жеке басшылық етуімен Семей өңірінде ядролық қару-жарақ сынағының халық денсаулығына тигізетін әсерін анықтауға арналған ірі көлемді экспедициялық зерттеулер ұйымдастырылған еді. Зерттеулер қорытындысының 12 томдық талдауы мен деректері әлі күнге дейін аса құнды, әлем үшін ерекше маңызы бар. Алғаш осы өңірде табылған Атшабаров «Қайнар синдромы» деп айдар таққан дерт әлемдік медициналық әдебиетке аурудың жаңа түрі ретінде енді. Семей полигонының салдарын зерттеу қорытындыларын одақтық комиссия талқылаған кезде орын алған көрініс – Атшабаровтың ой-өрісін толық ашады. Басқа әріптестері Одақтық басшылықтың тегеурініне шыдамай, осалдық танытқанмен,
Атшабаров өз райынан қайтпады.
Осы зерттеулер нәтижесінде алынған ақпараттар әскери-өндірістік кешен басшыларының айылын жиып, әуелі ядролық қару-жарақтың жер беті мен биіктікте өткізілетін сынақтарын тоқтатуға әкелген-ді. Кейінірек осы зерттеулер жаңа деректермен толыққан күйінде ядролық қару-жараққа қарсы қозғалысқа бағдар беріп, негізін қалады. Бұл соңынан Қазақстан Президентінің Семей полигонын жабуына апарды.
Бір қызығы, «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері мен ұйымдастырушыларының атақ-даңқтары алысқа жайылды да, ал үлкен ғалымның есімі қалтарыста қалып қойды. Яғни, тарихтың қояр бағасы әлі алда.
ҚР ҰҒА-ның академигі Қабдырахман Дүйсембин:
– Ардақты ағамыздың Семей полигонындағы атом қаруының сынақтары зардабынан туындаған әлеуметтік және денсаулық мәселелерін жан-жақты зерттеген жұмыстары еліміздегі ғылымның алтын қорына енді. Атомдық радиацияның адамға зиянды әсерін анықтап, сақтану жолдарына көп көңіл аударып және сол жаман әсерден туындайтын аурулардың биологиялық, физиологиялық және генетикалық негіздерін көрсетіп, дәлелдеп қана қоймай, радиацияның әсерінен туындайтын жүйке ауруларының, жүрек-қан жүйесі және т.б. мүшелерінің істен шығу себептерін ашып, соларды емдеп, қалпына келтіру іс-шараларын ұйымдастыра білді. Жиырма жыл бойы тыным таппай, Семей полигоны өңірінің экологиялық бұзылысы қазақ халқының бірнеше буынының әлеуметтік және денсаулық жағдайын нашарлататынына қынжылып, уайымдап, жақсарту жолын іздеді.
ХАЛҚЫ ҮШІН ҚАТЕРГЕ БАСЫН ТІККЕН
Қазақстанның Құрметті журналисі Мақсым Омарбекұлының естелігінен:
– Бақия ағаның 1963 жылы АҚШ пен Кеңестер Одағы арасындағы ядролық қаруды сынауға шектеу қою туралы тарихи келісімнің жасалуына үлкен ықпал етуі – тарихи ерлік деп бағалануға лайық.
Бір жылы Бақия ағамыз Қарқаралыға келді деген хабарды естіп, демалып жатқан жеріне сәлем бере барып, біраз әңгімесін тыңдаған едім.
Мен академик ағамызға: - Бәке, сонау 1957 жылы мектепте оқып жүрген кезімде Қайнарға келгеніңіз есімде. Сол сапар неден, қалай басталып еді? – деп сауал жолдадым.
– Иә, сіресіп отырған қалың елдің үстінен алапат сұмдығы, қиратушылық күші шексіз атом бомбасын жару – халыққа жасалған нағыз қиянат, жазасыз кетпейтін жауыздық еді. Соны біле тұра сонау 1957 жылдардан басталған экспедиция қорытындыларын жария етуге көп жыл мүмкіндігіміз болмады ғой, – деп бастады ғалым ағамыз әңгімесін. – Мен ол кезде Өлкелік патология институтында директормын. Алдында радиацияның адамдар денсаулығына зиянды әсері туралы әңгімелерді өзіміз де естіп жүрген едік. Оның үстіне ядролық сынақтардың полигонға іргелес елді мекендерді ғана емес, одан едәуір қашықтықта жатқан жерлерді радиоактивті ластануға ұшыратқаны туралы сенсациялық деректер шетел ғалымдарының аузымен әлемге дүңк-дүңк тарап жатқан. Осы төңіректе жан-жақты ойлана келіп, біздің институт атынан Республика Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың алдына Семей облысының территориясына экспедиция шығару туралы мәселе қойдым.
Әрине, сол уақыт жағдайында бұл мәселені шешу Қаныш Имантайұлына да оңайға түспейтінін білдік. Өйткені ядролық сынақтарды жүргізу тек қана әскери ведомствоның иелігінде болатын. Ал олардың жұмысына килігу аса қауіпті зардаптарға соғуы әбден мүмкін еді.
Экспедициялық зерттеулер 1957-1960 жылдар аралығында үш жыл қатарынан жүргізіліп, төртінші жылы жинақталған деректер қорытылды. Сөйтіп зерттеу қорытындысы 12 томдық үлкен еңбек болды.
Осы арада айта кетейін, біз экспедицияда жинаған деректер бойынша полигон территориясындағы халықтың радиация зардаптарына, әсіресе сәуле (лучевой) ауруына шалдығуы көбейіп бара жатуына байланысты Республика Компартиясы Орталық Комитеті мен Үкіметіне жыл сайын баяндау-хат түсіріп отырдық. Бірақ әскери-өнеркәсіптік кешен басшылары Семей полигоны маңайында радиоактивтік ластану орын алып отырғанын үнемі жоққа шығарумен болды.
Ол кезде әскерилердің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Шындықты айтамын деп шырылдап жүргенде «КСРО-ның қауіпсіздігіне қарсы, Американың агенті», «Халық жауы» деген қара таңба басылып, жазықсыз жазалы болып кетуің оп-оңай, – деп ғалым ағамыз сәл тыныс жасады.
Иә, ғалымның ойына сонау арпалысқа толы аласапыран жылдардың сұрқай бейнесі түскендей, қабағы кірбің тарта түсті. Қорғаныс министрлігі қаншама қаһарын төккенімен, Бақия Атшабарұлы бастаған ғалымдар да алған беттерінен қайтпаған. Содан соң бір күні Бәкеңді Орталық партия комитетіне шақырып алып: «Ядролық жарылыстар туралы Қорғаныс министрлігі бір түрлі, сіздер басқа түрлі қорытынды жасап жүрсіздер, бұл дауға нүкте қою үшін енді бірлескен комиссия құруды жөн деп ұйғардық» – деген.
Айтқандай-ақ, 1959 жылы Республика Ғылым академиясы мен әскери ведомствоның біріккен экспедициясы құрылып, оның бастығы болып Қорғаныс министрлігінің өкілі полковник А.Ф.Кобзев, орынбасарлығына
Б.Атшабаров белгіленеді.
Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған шағында адамзатқа, оның ішінде қасиетті Семей аймағын мекендеген қаймана қазақ баласына 40 жыл бойы аузынан от бүріккен атом атты айдаһармен арпалысу кімге болса да оңай болмағаны анық. Алайда, осы күреске бел байлап кіріскен академик Атшабаров алған бетінен қайтпады. Органдағылардың қорқытып-үркітуіне, не түрлі қыспақтарына сынбай, қасқайып қарсы тұрды. Сол кездегі Кеңес билігінің алдап-арбап ұсынған атақ-даңқы мен марапат-сарапат секілді «сүйек-саяғына» да азаматтық ары мен қазақ дейтін халқының болашағын сатқан жоқ.
Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, жай кейіпкер емес, қаһарман кейіпкеріміз академик Бақия Атшабаровтың ерен ерлігі мен еңбегінің арқасында сол айдаһардың үнінің өшкеніне келер жылы 35 жыл толмақ.
Осы орайда болашақта академик Бақия Атшабаровтың Семей облысындағы атом полигонының жабылуына бірден-бір себепкер болған азаматтығы, ғылыми ерен еңбегі ескеріліп еліміздің мектеп бағдарламасына енгізілсе. Семей, Өскемен қалаларының орталық көшелерінің бірін ғалымның атымен атап, қала мектептерінің біріне академик Атшабаровтың есімі берілсе, халқым деп басын қатерге тіккен ғалым ағамыздың аруағы шат болар еді.