Жалған хабарға сенбеңіз: көпбалалы отбасылар жәрдемақысыз қалмайды
depositphotos.com
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған "6 баласы жоқ көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан қағылады" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көпбалалы отбасы ретінде бірге тұратын кемінде төрт кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенті бар отбасылар танылады.
Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді. 2025 жылғы төлем мөлшері баланың санына байланысты төмендегідей:
-
4 баласы бар отбасы – 63 030 теңге (16,03 АЕК)
-
5 баласы бар – 78 798 теңге (20,04 АЕК)
-
6 баласы бар – 94 565 теңге (24,05 АЕК)
-
7 баласы бар – 110 332 теңге (28,06 АЕК)
-
8 және одан көп баласы барлар – әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК)
Марапатталған аналарға арналған жәрдемақылар:
6 және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе «Ана даңқы» орденімен марапатталған әйелдерге де жәрдемақы төленеді:
-
«Күміс алқа» иегерлері – 25 165 теңге (6,40 АЕК)
-
«Алтын алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» орденінің иегерлері – 29 097 теңге (7,40 АЕК)
Министрлік азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады және жалған ақпарат таратудың заңмен қудаланатынын ескертеді.
Дмитрий Чжан