KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
505.71 591.43 6.65

Өскеменде полицейлер өзенге ағып бара жатқан анасы мен баласын құтқарды

Фото: видеодан алынған скрин

17.07.2025, 21:00 276 Ержан Әбіш

 

2025 жылғы 17 шілдеде шамамен сағат 14:20-де Өскемен тұрғыны 102 арнасына қоңырау шалып, танысы кішкентай қызымен бірге Үлбі өзеніне түскенін, алайда қатты ағыс оларды алып кетіп бара жатқанын хабарлаған, деп жазады Аltainews.kz.

Құтқару дабылына дереу жауап қатқан полиция сержанты, кезекшінің көмекшісі Олжас Оразов бұл ақпаратты патрульдік полицияның ең жақын экипажына жедел жеткізіп қана қоймай, нақты координаттар арқылы олардың қозғалысын тікелей эфирде бақылап отырған. Осылайша оқиға орнына жылдам жетуге мүмкіндік туған. №9 экипаж құрамында полиция капитаны, патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Мадияр Мұхамеджанов болған, – деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Осы сәтте радиобайланыс арқылы хабарды естіген Үлбі полиция бөлімінің жедел-криминалдық полициясы басшысының орынбасары, майор Сұңғат Сейілжанов өз бетімен оқиға орнына жеткен. Ол жақын маңда жүрген және бірінші болып жетіп, суға секірген.

Бұл уақытта анасы мен баласын ағыс әжептәуір қашықтыққа алып кеткен еді. Алайда офицер олардың жанына жүзіп жетіп, су бетінде ұстап тұрған.

Көп ұзамай оған қарсы жағадағы капитан Мұхамеджанов қосылған. Алайда қатты ағыстың кесірінен өз бетімен жағаға шығу мүмкін болмаған. Полицейлер құтқарушылар қайықпен жеткенше су ішінде қалуға мәжбүр болған.

Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрекетінің, нақты үйлестіру мен батылдығының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде анасы мен қызының өміріне қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайы нақтылануда.

Видео: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу