Өнеркәсіпте өсім бар: жыл басынан бері ШҚО-да 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді
Фото: Екатерина Семина
2025 жылдың бірінші жартысы қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Оның 88%-ы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі, бұл салада 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбек мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ШҚО-ның еліміздің жалпы өңірлік өніміндегі үлесі 3,7% немесе 1,1 трлн теңге болды. Ал облыс экономикасында өнеркәсіптің үлесі 44%-ды, яғни 497 млрд теңгені құрады.
Салалық құрылымда металлургия негізгі бағыт болып қала беруде. Бұл сала өңдеуші өнеркәсіптің 70%-дан астамын қамтып отыр. Өндіріс көлемі 933 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 22%-ға өсті. Өндірілген өнімнің басым бөлігі экспортталады.
Аймақтағы басты металлургиялық кәсіпорын – «Казцинк». Сонымен қатар Шығыс Қазақстан Титан-магний комбинаты әлемдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Оның өнімі Boeing және Airbus сияқты жаһандық авиакомпанияларға жеткізіледі. Қазақстан титан өнімінің әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 16%-ды құрайды.
Үлбі металлургиялық зауыты да стратегиялық маңызды кәсіпорындардың қатарында: бериллий өндірісі бойынша әлемде алғашқы үштікте, ал ТМД кеңістігінде тантал өнімін шығаратын жалғыз зауыт болып есептеледі. Сонымен қатар, зауыт жылына 200 тонна көлемінде уран отынын өндіретін бірегей желіге ие.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 195 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Негізгі кәсіпорындар: «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Орика-Казахстан» АҚ және «Ульба-ТВС» ЖШС. Соңғысы былтыр жобалық қуаттылыққа шыққан болатын.
Машина жасау саласының үлесі өңдеуші өнеркәсіп құрылымында 3,8%-ды құрады, 52,6 млрд теңгеге өнім мен қызмет көрсетілді. Бұл бағытта «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, «Гидросталь» ЖШС және «Силумин-Восток» ЖШС сынды кәсіпорындар жұмыс істейді.
Өңдеуші секторды одан әрі дамыту үшін аймақта жалпы құны 692 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында 3000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ірі жобалардың ішінде немістің HMS Bergbau AG компаниясымен бірлескен екі бастама бар. Біріншісі – «Алатау Литий» ЖШС жобасы: 2026 жылдан бастап литий өңдейтін байыту фабрикасын салу көзделуде. Екіншісі – «Creada Corporation» ЖШС компаниясымен Ұлан ауданында пегматит кенін өңдейтін зауыт құрылысы.
Сонымен қатар «East Smelting» ЖШС 2028 жылдан бастап Тарбағатай ауданында мыс өңдейтін тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастамақ. Жобаның инвестициялық құны – 217 млрд теңге.
Биыл «Востокмашзавод» АҚ 33,8 млрд теңге инвестиция тартып, құю өндірісін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
Мамандардың айтуынша, осы жобалар іске қосылған жағдайда Шығыс Қазақстанның өндірістік әлеуеті артып, өңірдің экономикалық дербестігі едәуір күшеймек.