Шығыс Қазақстанның облыстық кітапханасы IFLA конгресінде бірегей жобаларын ұсынды
Елордада «Білімді біріктіре отырып, болашақты құрамыз» тақырыбымен 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық IFLA конгресі өтіп жатыр. Әлемнің 114 елінен 1600-ден астам кәсіби маман жиналған бұл халықаралық алаңда ұлттық және көпшілік кітапханалар басшылары, кітапханашылар, университеттер мен ғылыми орталықтардың өкілдері, сондай-ақ әлемдік баспа индустриясы мамандары бас қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Конгресс бағдарламасы 86-дан астам секциялық отырысты қамтып, онда цифрландыру мен жасанды интеллект, электрондық ресурстар мен үлкен деректерді басқару, инклюзивті қызмет көрсету, мәдени мұраны сақтау, каталогтау стандарттары мен цифрлық кітапханалар тақырыптары талқыланды.
Халықаралық деңгейдегі ауқымды жиынға Шығыс Қазақстан атынан Пушкин атындағы облыстық кітапхана да қатысып, екі бірегей жобасын таныстырды. Олар – «DosAi кітапханалық нейро-ассистенті» және «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» интернет-порталы.
ШҚО делегациясының ұсыныстары Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінен келген әріптестер тарапынан жоғары бағаланып, ерекше қызығушылық тудырды. Бұл – аймақтық кітапханалардың да жаһандық кәсіби алаңда өз орнын таба алатынын көрсетіп, болашақтағы халықаралық ынтымақтастыққа жол ашпақ.




