Астанада өтетін Әлемдік кітапханалар конгресінде өскемендік маман баяндама оқиды
18-22 тамыз аралығында Астана қаласында Әлемдік кітапхана және ақпарат конгресі (IFLA) өткізілмек. Ауқымды жиынға әлемнің 130-дан астам елінен 4000-ға жуық делегат қатысады деп күтілуде. Қуанышты оқиғаның бірі - Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың қызметкері Руслан Бабиров осы жиынға қатысып, баяндама жасайтын болады.
Жалпы кітапханашылардың халықаралық конференциясы 1927 жылы құрылған Кітапханалар қауымдастығы мен мекемелерінің халықаралық федерациясының (IFLA) ұйтқы болуымен жыл сайын өткізіледі.
Конгресс аясында қатысушылар заманауи технологияларды, кітапханалық қызмет көрсетудің жаңа әдістері мен стандарттарын талқылап, кәсіби тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен бірге кітапхана саласындағы ұзақ мерзімді серіктестіктердің қалыптасуына ықпал етеді.
Шығыстан басталған серпіліс
1995 жылы Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова Стамбұлда өткен IFLA халықаралық конференциясына қатысты. Сол сапардан әлем кітапханаларынан үйренетін дүние көп екенін, заманауи кітапхананың жаңа үлгісін жасау керегін түсініп, ел кітапханаларындағы каталогты электронды нұсқаға ауыстырса ғой деген оймен қайтады. Стамбұлдан Өскеменге оралған басшының есіне ақын Олжас Сүлейменовтің «Мыслить глобально, действовать локально» деген сөзі түсе берді. Осы сәттен бастап облыстың кітапхана саласында жаңашыл өзгерістер легі басталған еді.
Сонау 1996 жылы Пушкин атындағы кітапханада Кітапханалық қауымдастықтар мен бірлестіктердің халықаралық федерациясын құрайтын Шығыс Қазақстан облыстық кітапханашылар қауымдастығын құру туралы құрылтай конференциясы өтеді. Бұл кезде республика бойынша кітапханашылардың мұндай қауымдастығы әлі құрыла қоймаған болатын. «Күннің Шығыстан жарқырап шығатыны» секілді кітапхана ісі саласындағы идея да бірінші болып Шығыстан бастау алды. Қауымдастықты құрудағы басты мақсат аймақтық автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық желісін құру, кооперация арқылы оның мүмкіндіктерін кеңейту, халықаралық байланысты нығайту, мамандардың біліктілігін арттыру, шығармашылық адамдарын ынталандыру, кітапханашылардың кәсіби тұрғыдан өсуіне ықпал ету еді.
Қауымдастықтың құрылуы шынымен де кітапханашылардың күнделікті жұмысын түбегейлі өзгертіп, серпіліс пайда болды. Бұл кез Қазақстанда интернет жүйесінің енді ғана дамып, тарала бастаған кезі-тұғын. Ал өңір кітапханаларында тіпті компьютердің өзі саусақпен санарлық еді. Мемлекеттен қаржыландырылатын мекеме болғандықтан, қосымша қаржы көзі жоқ. Сондықтан Хабиба Мырзаханқызы қаржылық мәселені шешу жолдарын іздей отырып, бұл тұйықтан шығудың жолы кітапхана саласына инвестиция тарту екенін жақсы білді. Инвестиция тартудың бір жолы – халықаралық гранттарды ұтып алу. Грант ұтып алудың да өзіндік ережесі, тәртібі бар. Ешкім де қомақты қаржыны қолыңа ұстата салмасы анық. Ол үшін түбегейлі іздену, жобалар жазып, оны қорғау керек болды.
Халықаралық тәжірибенің пайдасы
Тынымсыз еңбектің нәтижесінде Ассоциация мүшелері Хабиба Ақжігітованың басшылығымен Қырым халықаралық конференциясына, Түркия, Франция, Нидерланды, Германия, Норвегия, Корея, Канада, Швеция, Сингапурда өткен IFLA жиындарына қатысты. Америкалық әріптестермен тәжірибе алмасу бағдарламаларына да қатысты.
Біз дүниежүзілік конференцияларға қатыса отырып, кітапханаларымызды қалай тиімді әрі тартымды етуге болатынын жақсырақ түсіне бастадық. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заманауи технологияларды қолдана отырып, адамдардың өмір сапасын жақсартатын қызмет түрлерін ұсынуға болатынын ұғындық.
Айта кетсек, 2023 жылы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана мамандары Роттердамда (Нидерланды) «Let’s work together, let’s library» тақырыбымен IFLA-ның 88-ші Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне қатысты. Конгрестің негізгі тақырыбы әр адамның қатысуға тең мүмкіндігі бар инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі болды. Кітапханашылар кәсіби диалогта жеке тұлғаның дамуын ынталандыру, кітап оқуға қызығушылықты арттыру, тілдік және цифрлық дағдыларды дамыту сияқты мәселелерді талқылады. Қазір кітапханада осындай бағыт-бағдармен «Инклюзивті анимация студиясы «Бала-ДАРЫН», «TехноSHEBER: 3D-баспа инклюзия-орталығы» алаңдары жұмыс істейді.
Қуанышты оқиғаның бірі – Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері Руслан Бабиров биылғы IFLA жиынына тегін қатысуға мүмкіндік беретін IFLA WLIC 2025 Central Asia Grant грантын жеңіп алды.
– Мен конгресте Қазақстан атынан баяндама жасайтын спикерлердің бірімін. Мен үшін бұл – үлкен сенім мен жауапкершілік. Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресінде (WLIC) мен О. Бөкей атындағы кітапхана атынан инклюзия мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы «Бала-ДАРЫН» инклюзивті анимация студиясымен және қоғамның барлық мүшелерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар туралы айтамын. Біз кітапхана бәріне бірдей мүмкіндік беретін кеңістік екеніне сенеміз, әркім өзі үшін пайдалы жаңалық таба алады. IFLA WLIC 2025 халықаралық конференциясына қатысу – әлемнің әр түкпірінен келген әріптестерімізді шабыттандыру және кітапхананың өмірді қалай өзгертіп, болашақты құруға ықпал ететінін көрсету мүмкіндігі, – деп атап өтті Руслан Бабиров.
Білім мен даму жолында
IFLA – бұл жай ғана халықаралық конференция емес. Бұл – кәсіби даму алаңы, әлем кітапханаларының үздік тәжірибесін үйреніп, өз ісімізге бейімдеуге жаңа серпін беретін орта. Біз үшін IFLA-ға қатысу, ол – халықаралық жобаларға араласу, оқу сапарларына шығудың қозғаушы күшіне айналған. Сондықтан кітапханалар мүмкіндігінше IFLA ұйымының мүшесі болып, оның жұмысына белсенді қатысқаны өте қажет.
Бұл ұйымның бастамалары мен құжаттары бізге кітапхананың болашағын дұрыс бағытта дамытуға жол көрсетеді. Солардың бірі – IFLA ЮНЕСКО-ның 2022 жылғы Көпшілік кітапхана жөніндегі манифесі. Онда көпшілік кітапхананың әрбір адамның білім алуына, шығармашылық дамуына жол ашатын орын екені анық айтылған. Көпшілік кітапханалар, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің оқу дағдысын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Біз IFLA-ның басты мақсаттары мен құндылықтарын өз әріптестерімізге, кітапханашыларға жеткізіп отыруымыз керек. IFLA-ның маңызды құжаттарын, стратегиялық мәлімдемелерін, Конгресс баяндамаларын қазақ тіліне аударып, қолжетімді ету – ортақ міндет.
Әр елдегі, әр аймақтағы кітапханалардың даму деңгейі әртүрлі болғанымен, бәрімізге ортақ мәселелер баршылық. Олардың арасында балалар мен жастарға арналған цифрлық қызметтердің жетіспеуі, инклюзивтілік пен цифрлық білімге тең қол жеткізу, жасанды интеллект арқылы жаңа қызмет түрлерін жасау, ресурстарды басқаруда заманауи технологияларды пайдалану сияқты мәселелер бар.
IFLA ұйымы осы және басқа да өзекті де түйінді мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Соның арқасында біз әлем кітапханаларының ең үздік тәжірибесін пайдаланып, өз жұмысымызға бейімдей аламыз. Бұл – даму жолындағы ортақ көзқарасты қалыптастыру деген сөз.
Ал, болашақтың кітапханасы – жай ғана кітаптар тұрған орын емес, ол өмірді өзгерте алатын кеңістік. Бұл – цифрлық платформа, баршаға ашық, қолжетімді орта, мәдени және білім беру кеңістігі, дәстүр мен болашақты жалғайтын көпір.
Ұлттың жады
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда кітапхана ісіне, кітап оқу мәдениетін көтеруге ерекше назар аударып, «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың жады» екенін атап өткен болатын және бұл сөздер Қазақстандағы кітапхана ісінің маңызын айқындай түседі.
Қазақстанда IFLA-ның дүниежүзілік конгресін өткізу еліміздің кітапхана саласының дамуына тың серпін беретін маңызды оқиға болады. Өйткені, әлемдік деңгейдегі басқосу кітапханалардың қызмет сапасын арттыруға, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, қоғамды жаңаша дамытуға, сондай-ақ жас ұрпаққа заманауи технологиялар арқылы білім беру ісін жетілдіруге бағытталған.
Шекер Нұрғалымқызы,
Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапханасының қызметкері