Астанада жас кітапханашыларға арналған республикалық форумы өтті
21-22 қараша 2024 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен «Жас кітапханашы – 2024: Жаңа мүмкіндіктер уақыты 3.0» республикалық жас кітапханашылар форумы ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 19-35 жас аралығындағы кітапхана саласында қызмет ететін жас мамандар қатысты. Форумның басты мақсаты – кітапхана қызметін жаңғырту, инновациялық тәсілдерді дамыту және жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды кітапхана ісіне енгізу арқылы мамандардың кәсіби дамуына ықпал ету. Қатысушылар шеберлік сыныптары мен тренингтерге қатысып, жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Форум аясында жас кітапханашылардың жобаларының байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар өз жұмыстарын ұсына отырып, шығармашылық және инновациялық тәсілдер арқылы кітапханалық қызметтің жаңа үлгілерін көрсетті. Бұл байқау жас мамандар арасында ынтымақтастық орнатуға және тәжірибе алмасуға ықпал етті.
Форумға Шығыс Қазақстан облысынан Жігер Төлешев (А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана), Ақнұр Тоқтар (облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасы), Марал Есенғұлова (Үлкен Нарын аудандық кітапханасы), Кенжетай Жұбышева (Самар аудандық кітапханасы) қатысты.
Олар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынып, әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Нәтижесінде «Кітапхана қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланудағы үздік тәжірибе» номинациясы бойынша байқаудың жеңімпазы Жігер Төлешев атанды. Оның жобасы заманауи технологияларды тиімді қолдану арқылы кітапхана қызметтерінің сапасын арттырудың жоғары мүмкіндіктерін көрсетті.
Форум – жас кітапханашылардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қатысушылар алған білімдері мен жаңа идеяларын өз тәжірибелерінде іске асыруға дайын екендерін атап өтті.