Өскеменде цифрлық кітапхана орталығы ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында цифрландыру саласында қол жеткізілген нәтижелерді күшейту міндетін алға қойды. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – кітапхана қорларын электронды форматқа көшіру. Осы стратегиялық бағыт аясында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында 9 сәуір күні Дүниежүзілік кітап күні қарсаңында Кітапхана қорын цифрландыру орталығының ашылуы өтті.
Аталған орталық цифрлық кітапхананы құру бойынша ауқымды жобаны іске асыруда маңызды рөл атқарары сөзсіз.
Орталықтың ашылуына аудан, қала кітапханашылары, журналистер, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері қатысты.
Баспа қорын цифрландыруды жеделдету үшін кітапханаға екі жаңа I2S CopiBook Open System планетарлық сканері сатып алынды. Қазіргі заманғы кәсіби сканерлерді сатып алуға қаражат Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының белсенді қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінді.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері заманауи сканердің жұмысын көрсетіп, қонақтардың қатысуымен бірінші кітап цифрландырылды.
Естеріңізге сала кетейік, кітапхана қорын цифрландыру – А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы қызметінің ұзақмерзімді мақсаттарының бірі.
Қазіргі уақытта баспа қорын цифрландыру бірінші кезекте «Өлкетану» және «Біздің Абай / Наш Абай» атты жеке өлкетану электронды кітапханаларын дамытумен байланысты. Сондай-ақ, электронды форматқа аударылатын бірінші кезектегі құжаттар – сирек кездесетін кітаптар, 1945 жылға дейінгі мерзімді басылымдар және басқа да мәдени-тарихи, ғылыми немесе аймақтық маңызы бар басылымдар болып табылады.
Жаңа I2S CopiBook Open System сканерлері цифрландыру жылдамдығын бірнеше есе арттырып, облыстық кітапхананың баспа қорын электрондық форматқа толығымен түрлендіруге мүмкіндік береді. Жалпы цифрландыру баспа түпнұсқаларының тозуы мен ескіруін бәсеңдетіп қана қоймай, сонымен қатар пайдаланушыларға бір уақытта ақпарат көзіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, жеке түпнұсқасы жоғалған кезде құжатты қалпына келтіру мәселесін шешеді, құжаттарды электрондық жеткізу сервисін дамытуға және кітапханалық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.