KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Қазақстан ЖИ саласында мамандар даярлаудың кешенді жүйесін қалыптастырып жатыр

2.10.2025, 12:30 197 Ержан Әбіш

Астанада «Digital Bridge 2025: Generative Nation» форумы басталды. Бұл – өңірдегі жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияға арналған басты алаң. Форумның алғашқы күнінде Мемлекет басшысының қатысуымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өтті. Жиында адами капиталға инвестиция салу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық ЖИ экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Кеңесте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Интеллектке инвестицияларды тарту: ЖИ дәуіріндегі кадрлық капиталды қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы стратегиясын таныстырды.

«Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті кадрларды даярлаудың кешенді жүйесін құруды қолға алды. Бұл – еліміздің өңірлік көшбасшылық орнын нығайтуға бағытталған қадам. Стратегия институционалдық және академиялық базаға, халықаралық әріптестікке, инфрақұрылым мен зерттеу әлеуетіне, сондай-ақ ірі тілдік модельдерді (LLM) әзірлеуге негізделген», – деді министр.

Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік 40 филиалдың 12-сі ЖИ мен киберқауіпсіздік бағытында білім беру бағдарламаларын ұсынады. Олардың қатарында Кардифф университеті, City University of Hong Kong, Миннесота университеті, SeoulTech, Heriot-Watt, Coventry University Kazakhstan және Аризона университеті бар.

Сонымен қатар бүгінде еліміздегі барлық университеттерде ЖИ бойынша міндетті курс енгізілген. Ондаған жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылып, AI-Sana ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Студенттер мен оқытушылар инновациялық ЖИ-шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысуда.

Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «AI-Sana: жоғары білімдегі ЖИ-трансформацияның драйвері» атты панельдік сессия өтті. Оған әлемдік сарапшылар – Пол Ким (Дүниежүзілік банк), Пегор Папазян (TUMO), Олаф Грот (UC Berkeley, Cambrian Futures) және Гэвин Шаддик (Cardiff University) қатысты.

Қатысушылар AI-Sana бағдарламасының жаңа буын мамандарын даярлаудағы, цифрлық кәсіпкерлікті дамытудағы және халықаралық тәжірибені Қазақстанның жоғары білім жүйесіне енгізудегі рөліне тоқталды.

Digital Bridge 2025 форумы Қазақстанның жасанды интеллект саласында өңірлік көшбасшы ретіндегі мәртебесін тағы да айқындап, мемлекет, бизнес, ғылым және халықаралық серіктестерді біріктіретін ашық пікірталас алаңы болды.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу