KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 12 м/с, СБ
512.81 604.19 6.57

Облыстың бірқатар бағытында қозғалыс тоқтатылып, шектеу енгізілді

Бүгін, 18:00 36 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты 18:00-дегі жағдай бойынша республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар автожол учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz

Республикалық маңызы бар жолдардың ішінде «Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының Белоусовка кентінен Риддер қаласына дейінгі 15–105 шақырым аралығы, сондай-ақ «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейінгі 7–166 шақырым учаскесі бойынша барлық көлік түрлерінің қозғалысы толық тоқтатылды.

Сондай-ақ облыстық маңызы бар «Өскемен – Таулы Үлбі – Северное» автожолының Феклистовка және Северное ауылдары арасындағы 45–60 шақырым бөлігінде көлік қозғалысы толықтай жабылды.

Бұдан бөлек, ауа райының күрделі жағдайына байланысты тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктері мен жолаушылар автобустары үшін бірқатар жол учаскесінде қозғалыс шектелді. Атап айтқанда, «Өскемен – Семей» автожолының Герасимовка ауылынан Абай облысының шекарасына дейінгі 10–103 шақырым аралығында, «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы» бағыты бойынша Глубокое кенті мен Шемонаиха қаласы арасындағы 1104–1191 шақырым учаскесінде, сондай-ақ «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының Алтай қаласынан Үлкен Нарын ауылына дейінгі 166–250 шақырым бөлігінде қозғалысқа шектеу қойылды. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар «Шемонаиха – Секисовка» автожолының 0–56 шақырымында да осы санаттағы көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Шектеулердің енгізілуіне көріну қашықтығының төмендеуі, қатты боран мен көктайғақ себеп болып отыр. 

Жүргізушілерге жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын ескеріп, жол жағдайы туралы ресми ақпарат көздерін қадағалау ұсынылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу