KZ
Өскемен
-8°
ясно жел 1 м/с, С
504.76 593.8 6.5

Сиыр етін экспорттауға қойылған шектеу тағы алты айға ұзартылды

26.12.2025, 17:00 147 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда сиыр етін экспорттауға енгізілген шектеу мерзімі тағы 6 айға ұзартылмақ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «Ірі қара мал етін Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасында көрсетілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Министрлік мәліметінше, аталған құжат Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 18 желтоқсанда қабылдаған шешіміне сәйкес әзірленген. Бұйрық жобасы тиісті рәсімдерден өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Құжатта көрсетілгендей, Қазақстан аумағынан ірі қара мал етін экспорттауға 6 ай мерзімге сандық шектеулер (квоталар) енгізу көзделген. Бұл шектеулер:

0201 коды – жаңа сойылған немесе салқындатылған сиыр етіне;

0202 коды – мұздатылған сиыр етіне қатысты болады.

Аталған квоталар үшінші елдерге де, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де өнім шығаруға қолданылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, бұл шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен толық қамтуға және сиыр еті бағасының күрт қымбаттауына жол бермеуге бағытталған. 

Сонымен қатар, шектеу мал шаруашылығы өнімдерін ел ішінде терең өңдеуді дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік өкілдері экспортты уақытша шектеу арқылы ішкі нарықтағы ұсыныс көлемін тұрақтандыру, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру және шаруалар үшін ұзақмерзімді тұрақты нарық қалыптастыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Бұйрық жобасында аталған шешімнің теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейтіні көрсетілген. Құжаттың қабылдануы елдегі ет өндірушілердің қызметіне шектеу қоймайды және нарықтағы жағдайды теңгерімді ұстап тұруға бағытталған уақытша реттеу шарасы ретінде қарастырылып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін де сиыр етін экспорттауға ұқсас шектеулер енгізілген болатын. Министрлік бұл тәжірибе ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға оң әсер еткенін алға тартып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу