KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями Штиль
503.9 603.32 6.61

Самарлық киногермен өткен сырлы сұхбат 

3.10.2025, 15:30 216 Серік Құсанбаев

Өскеменде өтіп жатқан Самар ауданының күндері аясында осы аудан тумасы, белгілі актер, сценарист Рысқұл Қонақбаевпен кездесу кеші ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесу басталмас бұрын Рысқұл Қонақбаев сценариін жазып, өзі басты рөлдердің бірінде ойнаған "Адам бол" фильмі көрсетілді. Атауы айтып тұрғандай, оқиға өмірінде қиындық, жоқшылық көрмей, шолжаң өскен ірі кәсіпкердің жалғыз ұлының ойламаған жерден Нигерияға тап болып, сол елде көрген шытырман оқиғасы жайында өрбиді.

Көрерменді күлдіре отырып, салмақты ойға жетелейтін бір жарым сағаттық комедиялық кинокартина өмірде қандай танымал адам – мейлі кәсіпкер, мейлі басшы, өнер жұлдызы болсаң да, ең бастысы, адамгершілік қасиетті жоғалтпауға, адам боп өмірге келген соң адам боп қалуға үндейді.

Кездесуге жиналған ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің студенттері, кино өнеріне қызығушылық танытқан мектеп оқушылары мен қала тұрғындары кинокартинадан соң кеш иесімен емен-жарқын сұхбаттасып, жерлесіміздің шығармашылығына, фильмдегі қайсыбір сюжеттерге қатысты көкейлеріндегі сауалдарын жолдады.

– Негізі, біз осы киноны түсірген Африка жері адам өміріне, әсіресе сырттан келетіндерге біршама қауіпті екен. Себебі ол жерде адам ұрлау фактілері жиі тіркеледі. Кино түсіріліп біткенше біз жергілікті полиция қызметкерлерінің жіті бақылауында болдық, – дейді киносценарист, актер Рысқұл Қонақбаев.

Өнер жолын мектеп жасында бастаған Рысқұл бала күнінен бастап елімізде өткізіліп тұратын Тәуелсіздік, Наурыз, Жаңа жыл сияқты айтулы мерекелерде көп алдына шығып, өнер көрсеткенді ұнатқан көрінеді. Көрермендерге кино өнерінің өзіндік қызығы мен шыжығы жайлы әңгімелеп берген актер жиналғандарға ризашылығын білдіріп, кездесуге келген талабы таудай балаларға сәттілік тіледі.


Авторы Серік Құсанбаев

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу