«Қазавтожол» ҰК: Өскемен мен Ресей шекарасына дейінгі жол жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен - Шемонаиха - РФ шекарасы» жолында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды. Қазіргі таңда құрылыс орнында 82 арнайы техника мен 138 маман жұмыс істеуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлттық компанияның мәліметіне сенсек, жалпы ұзындығы 93 шақырымды құрайтын тас жолдың едәуір бөлігінде жұмыстар орындалған. Атап айтқанда, 75 шақырым жол учаскесінде суық ресайклинг әдісімен негізі қалыпқа келтірілді, 66 шақырымның төменгі қабаты және 51 шақырымның жоғарғы қабатына асфальтты бетон жабындысы төселді.
Бұл жолдың жалпы ұзындығы 120 шақырым, жөндеу 93 шақырымын қамтыған. Құрылыс жұмыстарына 82 бірлік арнайы техникамен 138 маман жұмылдырылған.
Сонымен қатар, жол жиегін нығайту, су өткізу құбырларын орнату, жол белгілері мен қоршаулар сияқты жол инфрақұрылымы элементтерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Құрылысқа заманауи технологиялар қолданылып, нормативтік талаптарға сәйкес орындалуда.
Айта кету керек, 1175–1191 және 1194–1212 шақырым аралығындағы учаске, соның ішінде 1211–1212 шақырым аралығы «Үбе» өткізу пункті аумағындағы бейтарап аймақты қамтиды. Орташа жөндеу жұмыстары аясында өткізу қабілетін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы тарапынан кіреберіс пен шығаберіс жолдары 12 метрге дейін кеңейтіледі.
Бұл жол халықаралық және өңіраралық маңызға ие, сауданың, туризмнің, логистиканың дамуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.




