KZ
Өскемен
-32°
туман жел 1 м/с, СБ
512.16 594.72 6.57

Өскеменде жиһанкез журналист Оңдасын Елубайдың қос кітабының тұсауы кесілді

17.10.2025, 09:30 311 Базарова Айгүл

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абай» залында жиһанкез журналист Оңдасын Елубайдың «Ғұмыр дастан» және «Көзден кетсе де» атты кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл ғана 75 жасқа толған кеш қонағы саналы ғұмырында ұзын-саны жиырма төрт кітап жазған екен. Осымен болдым, толдым деп отырған автор жоқ. Әлі де жаңа туындылар жазылып жатқанын айтады, бүгінде елордада тұратын жерлесіміз. Қазіргі уақытта да қаламын қолынан тастаған жоқ, республикалық «Қазақ спорты» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Кеш тізгінін қолға алған университет ректоры Мұхтар Төлеген бүгінгі кездесуге оқу орнының денешынықтыру мамандығында оқып жатқан студенттердің көптеп қатысып отырғанын айтып, олардың жеткен жетістіктеріне, аталмыш шараның маңыздылығына тоқталды. Оның себебі де жоқ емес. Автордың әр жылдары жарық көрген кітаптарының басым дені спорт тақырыбына арналған. Әлемдік айтулы спорт додаларынан әзірленген тартымды да тағлымды, танымдық дүниелер.

Жиында облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың кеш иесіне арнайы жолдаған ізгі құттықтауын көпшілік алдында оқып берді.

«Құрметті Оңдасын Елубайұлы! Сізді 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Адал еңбекпен өрілген өнегелі ғұмырыңыз шынайы төзім мен табандылықтың, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сіз Өр Алтай, Нұр Зайсан, Қара Ертістің қасиет киесі мен шежіре тарихын бойыңызға сіңіріп, хәкім Абайдың сөзімен айтқанда, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылып, шырайлы Шығыстың қаласы мен даласын шығармаларыңызға қосып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Туған халқыңыз өзіңізді ел руханиятына қаламмен үлес қосып келе жатқан елжанды азамат, кәсіби журналист, дарынды жазушы ретінде ерекше құрметтейді. Өзіңіз бен отбасыңызға қайтпас қуат, мықты денсаулық, баянды бақыт, ұлағатты ғұмыр тілеймін. Көрер қызықтарыңыз таусылмай, қауышар шаттықтар легі үзілмесін. Құрметпен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов» делінген құттықтау мәтінінде.

Құттықтаумен, қатар облыс әкімдігі атынан мерейтой иесінің иығына оқалы шапан да жабылды.

Салтанатты басқосудың аясында қаламгердің замандас аға-бауырлары, әріптестері, есімдері елге белгілі ардагер спортшылар, меценат кәсіпкерлер Ербол Баянғазин, Сейілжан Сайлаубаев, Марат Мұзапаров, Мұқан Ағзамов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов сынды азаматтар кезегімен сөз тізгінін алып, қаламгерге жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, қазақы дәстүрмен арнайы сый-құрметтерін көрсетті.

– Біз бүгін Өскемен шаһарында Оңдасын Елубай замандасымызды облыстағы «Спорт ардагерлері қоғамы» бірлестігінің атынан 75 жас мерейтойымен және екі кітабының тұсаукесерімен құттықтаймыз. Оның өз мамандығына деген жауапкершілігі мен жанкештілігіне, асқан шапшаңдығына аса тәнтіміз. Талай мәрте Олимпиадалар мен Әлем чемпионаттарынан жедел дайындаған мақалаларына, кітаптарына куә болдық. Сонау жетпісінші жылдардан бері спорт тақырыбына үзбей, індете қалам тербеп келеді. Өзім туралы да алғаш 1972 жылы Мәскеуден Одақ бойынша үшінші орын алып, спорт шеберін орындағанымда облыстық «Коммунизм туы» газетіне жазып, елге танытқан осы Оңдасын Елубай. Одан соң 2000 жылы Сиднейде менің шәкіртім Айдын Смағұлов қола алғанда да бірінші болып елге сүйіншілеген осы Оңқаң. Шығыста болсын, елімізде болсын спорт тақырыбын Оңдасындай терең қаузаған журналист кемде-кем шығар. Қаламгерге өңірдегі ардагер спортшылардың атынан мықты денсаулық тілеймін. Қаламы мұқалмай, еңбегінің жемісін, бала-шағасының қызығын көре берсін. Еліміздің спортын әйгілей берсін!, – деді тұсаукесер рәсімінде КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Өскемен және Зайсан қалаларының Құрметті азаматы, С.Аманжолов университетінің құрметті профессоры Жанаділ Атаев.

Оңдасын Елубаймен ұзақ жылдар шеңберінде қоян-қолтық қызметтес болып, күні бүгінге дейін сыйластығы үзілмеген әріптес інілерінің бірі, еліміздің мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Didar» газетінің бұрынғы редакторы Уәлихан Тоқпатаев оның азаматтық тұлғасына көпшіліктің назарын аударды.

– Бүгінгі мерейтой құтты болсын! Оңқаң қызмет істеп жүргенде біз ҚазМУ-ді енді бітіріп келген жас болатынбыз. Алдымызда жүрген ағамыз, артынан інісі болып ердік. «Коммунизм Туы» газетінде табан аудармай 41 жыл қызмет етсем, соның ішінде жиырма жылдай тізе қосып, бірге жұмыс істедік. Осының алдында Оңдасын Елубайұлының университеттің журналистика факультеті студенттерімен кездесу өткізгенін өз басым өте құптадым. Өйткені, қазір не көп жазғыштар көп, естелік жазатындар, отбасылық кітаптар жазатындар блогерлер көп. Ал нағыз кәсіби журналист міне, осы Оңқаң деп толық айта аламын. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде бас редактор қызметін атқарған, қазақ спорт журналистикасының тарланы Сейдахмет Бердіқұлов деген ағамыз болған. «Спорт деген бір сиқыр» деп әлемдік додалардан керемет дүниелер қалдырған. Сол сиқырға арбалған журналист ағамыздың бірі – осы Оңқаң. Бүгінгі айтқанымыз, ертеңгі тарих. Осы залда отырған кеуделерінде намысы бар, білекті, білімді ағаларымыздың барлық жетістіктері мен жеңісті сәттері мерейтой иесінің қаламынан өткен. «Didar» газетіне дүбірлі додалардан қаншама материалды шапшаң жазып, түнделетіп нөмірге берді. Талай спортшылардың есімін елге танытып, жұлдызға айналдырды. Біз Оңқаңның аңқылдаған азаматтық тұлғасын, ақжүрек пейілін, адамгершілігін сыйлаймыз, құрметтейміз. Жүрсін апайым екеуіңізге амандық тілейміз. Жасай беріңіздер!, – деді Уәлихан Дөшкенұлы.

Жазушы, полковник, елге белгілі азамат әрі оқушы кезден сыныптасы Совет Иманғали да досының балалық, жігіттік жылдарынан қызықты естеліктерді әдемілеп әңгімелеп берді. Кәсіби біліктілігіне, журналиске тән шапшаң қимылына, еңбекқорлығына, ұлт мүддесі, ұлт намысы жолындағы қылыштай қиып түсер өткір мінезіне нақты мысалдар келтіріп, кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде ректор бастаған университет ұжымы да мерейтой иесіне сый құрметін аяп қалған жоқ. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс студенті, жас ақын Әли Ермекұлы арнауын төгілтсе, «Жас талант» өнерпаздар клубының домбырашылары Нұрғиса ағамыздың «Аққу» күйін нақышына келтіре күмбірлетті. Күні кеше Ташкенттегі додадан жеңімпаз болып оралған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кикбоксингтен Әлем кубогінің жеңімпазы Ернұр Қайырбеков барлық студенттердің атынан осындай тамаша кездесу үшін алғыс айтты.

Шара аясында Оңдасын Елубайұлы мен өмірлік серігі, ардагер ұстаз Жүрсін Төлегенқызы осындай тағылымды, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары шараның ұйымдастырушыларына риясыз алғысын білдірсе, кездесу қонақтары мен студенттер қаламгерге көкейдегі сұрақтарын қойып, жаңа кітабына қолтаңба алды, бірге естелік суретке түсті.

Журналист, жазушы Оңдасын Елубаевпен дәл осындай кездесу Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің №9 оқу ғимаратында журналистика факультеті студенттерімен де ұйымдастырылды.

Белгілі тілші-ғалым Зәки Ахметовтің есімін иеленген кең аудиторияға жиналған болашақ жас журналистер ардагер ағаларына мамандыққа қатысты толғандырған сауалдарын қойып, көп жылғы журналистік өмір тәжірибесінің қызыққа толы сәттерінен әдемі естеліктер тыңдады.

Сұрақ-жауап форматында еркін өткен шараға ұйтқы болған университеттің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Сләмбек Оразалин жиналғандарға биыл 75 жасқа толып отырған Оңдасын Елубайұлының өмір жолынан мол мағлұмат беріп, ардагер журналистің таяуда ғана жарық көрген «Ғұмыр Дастан» және «Көзден кетсе де...» кітаптарының маңыздылығына, басты кейіпкерлердің азаматтық ұстанымдарына тоқталды.



Дәурен Аллабергенұлы

Фото: С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі








Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу