Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі спорт федерацияларының қызметін сынға алды. Оның айтуынша, көптеген федерацияны басқарып отырған ірі кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме өкілдері бұл саланы шынайы қоғамдық миссия емес, жеке мүдде үшін пайдаланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін "жарнамалау" құралы ретінде көреді, яғни спорттың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент спорт пен дене шынықтыруды қолдауды тек мәртебе үшін емес, шынайы азаматтық жауапкершілік ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
«Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның пікірінше, Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерациялары арасында тең құқылы, нақты міндеттері мен өкілеттіктері белгіленген ынтымақтастық орнауы қажет.
«Кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы. Мен бұған ерекше мән беремін», – деді Президент.
Сондай-ақ, ол спорт саласына жаңа буындағы бизнесмендер мен меценаттардың келе бастағанын атап өтті.
«Қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастады. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Қазірдің өзінде жұмысқа жауапкершілікпен қарап, маңызды жеңіске қол жеткізуге бар ынтасымен ұмтылатындарын байқап отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі мен спорт федерациялары арасындағы әріптестікті күшейту қажеттігін де айтты. Оның айтуынша, құтқарушылар өскелең ұрпаққа үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысуы тиіс.
«Оқу орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тәжірибесін белсенді түрде енгізген дұрыс. Құтқарушылар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жастар арасында спортты дәріптеуге зор үлес қоса алады. Бұл – шын мәнінде стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі жаһандық өзгерістер заманында ұлт сапасына тікелей әсер ететін жағдай. Осы бағытта Төтенше жағдайлар министрлігі спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істегені жөн», – деді Мемлекет басшысы.