Шығыстың шатқал жолдары жаңаруда: Қалбатаудан Рахман қайнарына дейінгі күре жолда жаңа тыныс
Тау мен тасқа табан тіреген тар жолдар бүгінде кең көсіліп, замана тынысына сай жаңарып келеді. Алтайдың етегі мен Ертістің бойын жалғаған, биік асулар мен бұйрат белестерді кесіп өтетін шығыстағы күре жолдар жаңа сапаға көтерілуде. Әсіресе Қалбатаудан басталып, Рахман қайнарына дейін жалғасатын стратегиялық бағыт ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр, деп хабарлайды Altainewskz тілшісі.
Шығыс Қазақстан өңірінде соңғы жылдары көлік инфрақұрылымы ауқымды жаңғырту кезеңінен өтіп жатыр. Бұл бағыттағы ең айтулы оқиғалардың бірі — халықаралық маңызға ие «Қалбатау–Майқапшағай» дәлізінің ашылуы. Ел мен елді, өңір мен өңірді жалғайтын бұл жол тек шекаралық қатынастың емес, ішкі экономиканың да күретамырына айналуда.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрбек Темірхановтың айтуынша, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 238 шақырым. Соның ішінде биыл 360 шақырым жолда реконструкциялау, ал 357 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары қарқын алған. Бұған қоса, 1 141 шақырым жол күнделікті күтім мен бақылауда тұр.
Бүгінде республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолының қайта жаңғыртылған бөлігі ел игілігіне берілді. Жалпы 102 шақырымды қамтитын үш ірі учаске толықтай салынып бітті. Оның 5 шақырымы — I техникалық санатқа, ал қалған 97 шақырымы — II санатқа сәйкес салынған. Бұл — Қалбатау ауылынан Өскемен қаласына дейінгі аралықты қауіпсіз әрі сапалы ететін маңызды қадам.
Жоба аясында 7 көпір, екі деңгейлі көлік айрығы және 98 су өткізу құбыры салынды. Қазір бұл бағыт республикалық желідегі негізгі магистральдердің біріне айналып, көлік қатынасын бірнеше есе жеңілдетіп отыр.
Солтүстік-шығыс бағытта, яғни «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» жолының 17,8 шақырымға созылған бөлігі де жаңғыртудан өтіп жатыр. Бұл — бір ғана көлік қатынасының емес, туризмнің де дамуына жол ашатын аса маңызды нысан.
Осинов асуын айналып өтетін бірінші учаскеде топырақ қабатын қазу, құбыр төсеу жұмыстары толық аяқталды. «Пихтовка» өзені үстінен өтетін көпірде барлық 8 тіреу орнында жұмыс жүргізілуде. Ұзындығы 4,4 шақырымға созылған жол бөлігінің 3,7 шақырымына төменгі қабат, ал 12 шақырымның 2 шақырымына ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселген. Құрылыс алаңында 53 техника мен 110 жұмысшы күн-түн демей еңбек етуде.
Ұзындығы 5,7 шақырым болатын екінші учаскеде де іргелі істер жалғасуда. Мұндағы жер қазу жұмыстары 87% орындалып, бұрғылап-жару жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда С6 қоспасынан төменгі қабат 3,5 км, қара қиыршық тастан жоғарғы қабат 2,5 км, ал төменгі жабын қабаты 1,6 км жерге төселді. «Козловка» өзені үстіндегі көпір құрылысының 65%-ы тәмамдалған. Бұл учаскеде 35 техника мен 51 жұмысшы жұмылдырылған.
Өңірдің жол-көлік әлеуетін арттыру мақсатында 357 шақырымға созылған 14 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары қатар жүруде:
- «Өскемен – Риддер» тас жолының 75 шақырымдық бөлігінде екі учаскеде жөндеу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 63 шақырымға асфальтбетон төселіп, жол қауіпсіздігі айтарлықтай артқан.
- «Өскемен – Шемонаиха» бағытында 93 шақырымдық жолдың 89 шақырымына асфальт төселіп, төрт учаскенің екеуі толық дайын.
- «Қалжыр – Марқакөл» бағытындағы 24 шақырымдық жол толық аяқталып, асфальтбетонмен жабылды. Бұл нысан 2025 жылдың қазанында толық пайдалануға беріледі.
- «Өскемен – Семей» тас жолының 49 және 54 шақырымдарында су өткізу құбырлары толықтай жаңартылған.
- «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» бағыты бойынша 165 шақырымдық жолдың 75 шақырымы асфальтпен көмкерілген.
Ел ішіндегі ең күрделі бағыттардың бірі – «Рахман қайнары» шипажайына апарар 437–450 шақырым аралығындағы биік таулы жол. Бұл жерде көлікке ғана емес, құрылысшыларға да сынақ болатын табиғи кедергілер аз емес. Соған қарамастан, 13 шақырым жер төсемі кеңейтіліп, 23 дана темірбетон құбыры мен жаңбыр науалары орнатылған. 15 мың текше метр көлемінде дренаж жүйесі төселіп, жер бедерін қауіпсіз әрі төзімді ету шаралары атқарылуда.
Шығыстың шырайын ашқан жолдар — ел ертеңінің іргетасы. Қалбатаудан Рахман қайнарына дейінгі аралықты жаңғырту — тек көлік қозғалысын жеңілдету ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған нақты қадам. Биік тауларды еңсерген техника, бел жазбастан еңбек еткен мамандар — бүгінгі Қазақстан жолының жаңа үлгісін жасауда.
Айдос Мырзахметов
Фото: Махаббат Ахметжанова








