KZ
Өскемен
-12°
ясно жел 2 м/с, ОШ
504.6 594.27 6.48

Цифрлық Қазақстан: инновациялық шешімдер экономиканың барлық салаларында өсуді қамтамасыз етеді

ҚР ҮКІМЕТІ
ҚР ҮКІМЕТІ
20.10.2025, 13:45 222 Базарова Айгүл

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елді цифрлық жаңғыртудың жаңа бағыты айқындалған болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Үкімет экономиканың тұрақты дамуы үшін негіз қалыптастыратын цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы барлық бастамаларды ҚР Премьер-министрінің басшылығымен арнайы құрылған Цифрлық штаб үйлестіреді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, IT-индустрияны дамыту, жасанды интеллектті енгізу, өңірлерді интернетпен қамтамасыз ету сияқты салаларда айтарлықтай ілгерілеу байқалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет жасанды интеллект экожүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағытта ең алдымен заңнамалық негіздер қалыптастырылып жатыр. Қазір Сенатта технологияларды қауіпсіз әрі тиімді дамытуға арналған «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралуда.

Жасанды интеллект: стратегиядан жүзеге асыруға дейін

2025 жылдың қазан айында елдің инновациялық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға – Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы болды. Бұл – идеялар мен инновациялар фабрикасы, әлемдік технологиялық көшбасшылармен бірлесіп жұмыс істеуге арналған алаң. Alem.AI орталығы ғылыми зерттеулер, стартаптар мен халықаралық ынтымақтастықтың негізгі платформасына айналып, қазақстандық цифрлық шешімдердің экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ алдағы бес жылда 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. Бүгінде 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді.

Alem.cloud: Ұлттық суперкомпьютерлік орталық

2025 жылы Қазақстанда Alem.cloud ұлттық суперкомпьютерлік орталығы іске қосылды. Оның қуаты мемлекеттік органдарға, ғылыми институттарға, жоғары оқу орындарына, бизнес пен стартаптарға қолжетімді.

Бұл орталық мемлекеттік қызметтерде қолданылатын жасанды интеллект модельдерін әзірлеу мен тестілеуге, деректерді талдауға және мазмұн жасауға арналған бірегей мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың кешенді жоспары бекітілді — бұл еңбек шығындарын қысқартып, қайталануды азайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады.

Деректер қауіпсіздігі де басты назарда. Осы мақсатта мемлекеттік органдар Aitu қазақстандық мессенджеріне көшу үстінде. eGov, eOtinish, Aitu және өзге де платформалар азаматтарға нөлдік теңгерім кезінде де тегін қолжетімді.

IT-индустрия мен стартаптар өсімі

Қазақстанның IT секторы соңғы жылдары қарқынды дамуда. 2021 жылы 646 млрд теңгені құраған отандық IT-қызметтердің көлемі 2024 жылы 1,74 трлн теңгеге жетті. Экспорт көлемі де бірнеше есеге өсіп, 2021 жылғы $60 млн-нан 2024 жылы $690 млн-ға дейін артты.

Astana Hub экожүйесі бүгінде 1832 компанияны біріктіріп отыр, оның ішінде 465-і – шетелдік. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қатысушылардың жалпы табысы 368,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар Қазақстан InDrive, Netcracker, Playrix, Telegram және басқа да әлемдік технологиялық алпауыттармен серіктестік орнатуда.

Мемлекеттік қызметтер — цифрлық форматта

Мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы онлайн режимінде көрсетіледі. Азаматтар 1 400-ден астам қызметті интернет арқылы ала алады, оның 90%-дан астамы смартфон арқылы қолжетімді.

Қағаз түріндегі құжаттарды алмастыратын 39 цифрлық құжат енгізілді, бұл үдерісті бұрынғыдан да жеңіл әрі жылдам етті.

Жоғары жылдамдықты интернет – шалғай ауылдарға

Қазіргі уақытта Қазақстанның 6 179 елді мекенінің басым бөлігі интернетке қосылған. 2027 жылдың соңына дейін тағы 3 мың ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылмақ.

Бұдан бөлек, 504 шалғай ауылды спутниктік технология арқылы желіге қосу жоспарланған. Оның ішінде 176 елді мекен KazSat арқылы, ал 328 ауыл 2025 жылдың соңына дейін OneWeb арқылы қосылатын болады.

2025 жылғы маусымда Starlink компаниясымен келісім жасалып, 13 тамыздан бастап спутниктік интернет ресми түрде іске қосылды. Қазіргі таңда Starlink жүйесі 1,7 мыңнан астам ауылдық мектепті интернетпен қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы алғанда, 2025–2027 жылдары 3 мыңнан астам ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.

Цифрлық Қазақстан – инновация мен білімге, технология мен адам капиталына негізделген елдің болашағы.

Бүгінгі бастамалар еліміздің жаңа экономикалық өрлеуінің берік іргетасын қалайды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу