Жастар саудаға кетіп жатыр
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында экономикада 3,6 млн жас жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап жастардың жас шегі 35 жасқа дейін өзгерді. Бұл олардың санын екі есе арттырып, еңбек нарығындағы белсенді топқа айналдырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Жастардың 40%-дан астамы үш негізгі салада жұмыс істейді. Басым бөлігі саудада – 18,3% немесе 664,9 мың адам, білім беру саласында – 12,6% немесе 457,7 мың адам, өнеркәсіпте – 10,8% немесе 391,9 мың адам, оның ішінде жартысынан көбі 218,5 мың адам өңдеу өнеркәсібінде.
Статистикаға жүгінсек, сауда саласы әлі де басты «магнит» болып тұр. Соңғы екі жылда мұнда жұмыспен қамтылғандар саны 44,4 мың адамға өскен. Ал бұрын 700 мыңнан астам адамға жұмыс берген ауыл шаруашылығының позициясы әлсіреп келеді – тек кейінгі бір жылдың өзінде бұл салада 12,7 мың адамға азайған.
2010 жылы жастардың 33%-ы ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істеген. Ол кезде жастар қатарына 15–28 жас аралығындағы азаматтар кіретін.
2011 жылдан бастап агросектордағы жұмыспен қамтылу біртіндеп төмендеп, 13 жыл ішінде екі есе азайды – 2024 жылы 329,7 мың адам ғана қалды.
2015 жылдан бастап ауыл шаруашылығынан сауда саласына тұрақты ауысу байқалды.
2016 жылға дейін жастар үшін негізгі қызмет түрлері сауда, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп болған. Алайда 2017 жылдан бастап өнеркәсіптің орнын білім беру басты. Содан бері алты жыл қатарынан жастардың негізгі үш саласы – сауда, ауыл шаруашылығы және білім беру болып қалды.
2023 жылдан бастап әдіснама өзгеріп, жастар жасы 35-ке дейін кеңейтілген соң, еңбек құрылымында жаңа өзгеріс байқалды: басты бағыттар – өнеркәсіп, сауда және білім беру болды. Бұл еңбек нарығының қалалық, кеңселік форматқа ауысқанын және ауыл еңбегінің бұрынғы маңызын жоғалтқанын көрсетеді.
13 жылда негізгі салалардағы орташа айлық жалақы 4–5 есе артты: саудада – 2011 жылғы 84,6 мың теңгеден 2024 жылы 385,2 мың теңгеге дейін; білім беру саласында – 59,2 мың теңгеден 303 мың теңгеге дейін; өнеркәсіпте – 107,4 мың теңгеден 569,6 мың теңгеге дейін, бұл экономиканың орташа деңгейінен жоғары.
Көрсеткіштерге қарағанда, табысы жоғары өнеркәсіп жастарды көбірек тартуы керек еді. Алайда іс жүзінде жастар қай жерде көп төлейді деп емес, қай жерге кіру оңай деген қағидамен таңдау жасайды. Сауда саласы – жылдам табыс, икемді жұмыс кестесі және төмен кіру кедергісімен тартымды. Соның нәтижесінде жалақысы төмен жұмыспен қамту құрылымы қалыптасты. Яғни жастардың еңбегі экономикаға тартылғанымен, оның өнімділігі төмен.
Бұл еңбек пен нақты тиімділік арасындағы алшақтықты арттырып, капитал жинау мүмкіндігін шектейді және орта таптың қалыптасуын тежейді.
Еңбек нарығын жастардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу қажет: икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу форматтары, қысқа мерзімді оқыту және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері маңызды. Ол үшін жаңа үлгілер қажет – аралас жұмыспен қамту, жобаға негізделген командалар, тәжірибелік бағдарламалар, колледждер мен кәсіпорындардың бірлескен жобалары.
Мұндай тәсіл екі басым бағытты ұштастырады: өнімділік экономикасы (қосылған құн жасау), таңдау экономикасы (жастардың жаңа мотивациясын ескеру).
Бұрын басты мақсат – жұмыспен қамту болса, бүгінде мақсат – жастар жұмыс істеп қана қоймай, экономикамен бірге өсетін икемді әрі ынталандыратын еңбек ортасын құру. Басты міндет – жастарды өнеркәсіпке мәжбүрлеу емес, өнеркәсіп пен өндірісті олардың өздері үшін қызықты әрі ыңғайлы ету.
Айжанат Бақытқызы
Фото: naryk.kz