Глубокое ауданында оқушылар мен еріктілер ағаш отырғызды
Глубокое ауданында экологиялық бағыттағы игі шара өтті. Шара барысында Опытное поле орта мектебінің ауласында оқушылар, волонтёрлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бірлесіп ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткен акцияға жоғары сынып оқушылары мен еріктілер белсене қатысты. Олар мектеп маңына қайың, шырша және шетен ағаштарының көшеттерін отырғызды.
Акцияның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында туған жердің табиғатына деген сүйіспеншілікті, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрету.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл игі іс бір реттік шара болып қалмайды. Алдағы уақытта ағаш отырғызу дәстүрге айналып, жас көшеттердің күтімі тұрақты түрде жүргізіледі.
Бұл бастама – ауыл экологиясына жанашырлықтың, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Осындай игі істер арқылы өскелең ұрпақ туған жердің әр түп ағашына, әр тал жапырағына қамқор болудың маңызын терең сезінбек.
Елизавета Седых


