KZ
Өскемен
-4°
туман жел 1 м/с, СШ
504.49 587.73 6.57

«Таза Қазақстан»: Риддерде тұрғындар шырша мен емен көшеттерін отырғызды

11.09.2025, 12:30 203 Төлеуғазы Жансая

Риддер қаласында ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы шеңберінде кең ауқымды табиғатты қорғау шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара Круглая сопка тауының баурайында өтіп, онда 120 шырша мен 80 емен көшеті отырғызылды. Бұл қадам өңірдің экожүйесін сақтап, табиғи тепе-теңдікті нығайтуға, сондай-ақ қаланы жасыл аймаққа айналдыруға зор үлес қосады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Акция барысында тек ағаш отырғызумен шектелмей, аумақты тазалау жұмыстары да жүргізілді. Қатысушылар қоқысты жинап, демалыс аймағын ретке келтірді. Нәтижесінде Круглая сопка баурайы тұрғындар үшін таза әрі жайлы демалыс орнына айналды.

Шараға 400-ден астам адам белсене қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдері, еріктілер, жастар, оқу орындарының студенттері мен қала белсенділері бар. Табиғатты аялауға бағытталған бұл бастама экологиялық мәдениетті дамытуға, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға сеп болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл тек ағаш отырғызу емес, сонымен бірге қоғамның экологиялық жауапкершілігін қалыптастырудың, ұрпаққа таза әрі жасыл орта қалдырудың маңызды қадамы саналады.

Жиналған жұрттың бірлескен еңбегі «табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз» деген қағиданы айқын дәлелдеп берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу