KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Шығыс Қазақстанда жекеменшік мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыстың жаңа жүйесі іске қосылды

13.11.2025, 16:30 199 Базарова Айгүл

Қазақстанда жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігіне байланысты қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл бастама Оқу-ағарту министрлігі мен облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалалары әкімдіктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген «2025–2026 оқу жылына арналған жекеменшік білім беру мекемелерінде орта білім беруге байланысты мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігі» пилоттық жобасы аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды Altainews.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Жоба қаржыландырудың ашықтығын арттыруға, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға және барлық баланы сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жылдары елде жекеменшік мектептердің саны мыңға жуықтады. Бұл – білім саласындағы жеке бизнестің дамуының оң үрдісі. Дегенмен мемлекеттік тапсырысты бөлу тетігі жаңартуды қажет етіп отыр.

Талдау нәтижесінде жекеменшік мектептерде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыруда бірқатар сәйкессіздіктер анықталған. Кей жағдайларда Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын мектептерде тіркелген балалар іс жүзінде басқа оқу орнында оқыған. Ал кей өңірлерде мектептер оқудан шығып кеткен балалар үшін де қаржы алған. Сонымен қатар білім беруге қатысы жоқ ұйымдардың мемлекеттік сатып алу жүйесінде тіркелгені белгілі болды.

Осы түйткілдерді шешу үшін Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ жаңа ақпараттық жүйе әзірледі. E-Qazyna.kz платформасында енгізілген бұл технология деректердің дұрыстығын автоматты түрде тексеріп, пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетеді.

Жүйені іске асырудағы негізгі рөл жергілікті білім беру басқармаларына жүктелген. Олар мемлекеттік тапсырыстарды орналастырып, қорытынды есептерді бекітеді, келісімшарттар жасап, www.e-Qazyna.kz веб-порталы арқылы көрсетілген қызметтер туралы актілерді қабылдайды.

Алдағы уақытта бұл жүйеге білім беру саласындағы өзге де қаржыландыру құралдары – гранттар, шәкіртақылар, жатақхана орындары және басқа да қолдау түрлері біріктірілмек.

Жаңа ақпараттық жүйе 12 қарашада іске қосылды. Цифрландыру бюджет қаражатының ашықтығын арттырып, тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық бюджет жүктемесін азайтып, бәсекелестікті арттырумен қатар, білім беру саласына жеке инвестициялардың көбеюіне жол ашады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу