Марқакөлде жол-көлік, инженерлік және туристік инфрақұрылым жаңғыртылады
Келер жылы Марқакөл ауданында жол-көлік, инженерлік және туристік инфрақұрылымды кең көлемде жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылмақ. Аудандық маңызы бар жолдардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында екі негізгі бағытта орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Рүстембек Кемешевтің айтуынша, оның бірі – «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолына іргелес орналасқан Игілік және Шеңгелді ауылдарына апаратын, ұзындығы 45,3 шақырым құрайтын жолдын бір бөлігін орташа жөндеу болса, екіншісі – Ақбұлақ, Қарой, Қайнарлы, Қараішілік және Ашалы елді мекендеріне апаратын автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу.
Мұнымен бірге «Altai Invest» халықаралық инвестициялық форумы аясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қытайдың «Хэйлунцзян провинс Бада Роуд» компаниясымен Төсқайың ауылдық округіндегі жолдарды жөндеу саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек аталған форумда Марқакөл ауданы әкімдігі мен «Aila Tau» ЖШС арасында 598 млн теңгелік келісім жасалды. Жоба аясында Шағанатты ауылында марал шаруашылығына бағытталған сауықтыру-туристік кешен салынбақ. Жоба 2026-2031 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде екі жоба мақұлданған. Оның бірі «Рахат Туризм» ЭКК жабдықтарды жаңарта отырып, қонақүйді қайта жөндеуді қолға алса, екіншісі «Аисао» ӨКК – Ақжайлау ауылында туристерге арналған киіз үйлерден тұратын этноауыл салады. Сондай-ақ Ұранқай ауылында жеке «Markakol Lodge» жобасы жүзеге асырылып, алты глэмпинг-үй бой көтереді. Ұранқай Шығыс Қазақстандағы ең үздік рекреациялық аймақтардың бірі ретінде танылып, оны дамытуға 200 млн теңге бөлінді. Оның 100 млн теңгесі 2026 жылы туристік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Келесі жылы Марқакөл ауылында қуаттылығы 6 Гкал болатын орталық қазандық пен ұзындығы 12 шақырымға созылатын жылу желілерінің құрылысы басталады.
Марқакөл ауылының ауыз су жүйесі толық жаңарады
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – бүгінгі күндегі басты міндеттердің бірі. Осы орайда, ауданда ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Аталған жоба елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңі.
Аудан басшылығы нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстар барысын тұрақты бақылауда. Сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жобасы – облыстағы жауапты мамандардың да тікелей назарында. Жобаны жүзеге асырушы мердігер ұйым – «LLC ASIA» ЖШС. Қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сай қарқынмен жүріп жатыр.
Мердігер өкілдерімен бірге «Шеттерек» учаскесіндегі бірінші көтеру сорғы стансасы, сондай-ақ 700 текше метрлік екі резервуар орнатылған екінші көтеру сорғы стансасы да тексерілді. Бұл нысандар ауылға су жеткізудің негізгі тізбегі. Бірінші стансадағы жұмыстардың 55 пайызы аяқталған, екінші стансадағы әрқайсысы 350 текше метрлік екі үлкен су резервуарының бетондау және монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Ауыл ішінде бүгінде 10 шақырым траншея қазылып, су құбырлары тартылды. Жалпы жоба бойынша 23 шақырым су жүйесін жаңарту жоспарланған. Жаңа құбырлар халықаралық стандарттарға сай материалдардан төселіп, гидроизоляциялық қорғаныс қабатымен қапталған.
Нысан келер жылы толық аяқталады. Бұл кезең ішінде ауылдың барлық тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандары, атап айтқанда, аурухана, мектеп, балабақша және мәдениет үйі жаңа су жүйесінің игілігін көрмек. Биыл жылдың соңына дейін жобаның бірінші кезеңі аяқталып, бұрынғы су желісіне қосылады. Осылайша, тұрғындар күздің соңына дейін жаңартылған су жүйесінің алғашқы нәтижесін көре алмақ.
Айта кетейік, Марқакөл ауылындағы ауыз су жүйесін жаңарту жобасы – «Ауыз су» ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылуда. Жоба облыстық бюджет пен республикалық трансферт есебінен қаржыландырылады.
Мердігер ұйым өкілдері құрылыс барысында заманауи энергия үнемдейтін сорғы қондырғыларын орнатуды, судың сапасын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ауыз судың үздіксіз және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Құрылыс сапасына, қолданылып жатқан материалдардың стандартқа сәйкестігіне, сондай-ақ мердігердің сапалы да уақытылы жұмыс атқаруына ерекше мән берілуде.
Ал Марқакөл ауылының тұрғындары үшін таза ауыз су жүйесін жаңарту – ұзақ жылдар бойы күткен маңызды жаңалық екені рас. Бұл жобаның жүзеге асуы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосады деген сенімдеміз.
Төтенше жағдайлар бөліміне жаңа ғимарат
Марқакөл ауылында Төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру бағытында маңызды істер атқарылуда. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің тапсырмасына сәйкес, аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне арналған жаңа ғимараттың құрылысы басталды.
Жоба ерекшелігі – ғимарат заманауи талаптарға толық сай болмақ. Құрылыс барысында қазіргі заманғы техникалық стандарттар мен қауіпсіздік нормалары ескерілуде. Аудандық бөлім жаңа құрылғылармен жабдықталып, қызметкерлерге жаңа техника ұсынылатын болады. Бұл – төтенше жағдайларға жылдам әрі сапалы дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған құрылыс аудандағы Төтенше жағдайларға дайындықты арттырып, тұрғындарға сенімділік пен тыныштық сыйлайтын маңызды инфрақұрылымдық жоба.
Аудандық аурухананың жылу жүйесі жөнделді
Қысқы жылыту маусымының басталуына орай Марқакөл ауданында әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тұрғындардың денсаулығын қорғауда маңызды орын алатын аудандық аурухананың жылу жүйесін жөндеу, жаңарту жұмыстары толық аяқталды.
Аудандық аурухананың қазандық жүйесі, жылыту қондырғылары мен ішкі жылу құбырларына жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі жүйелер толықтай тексеруден өткен.
Мекеме ұжымы да жылу жүйесінің жаңартылуының арқасында өз жұмысын одан әрі тиімді әрі жайлы жағдайда жалғастыруға мүмкіндік алмақ. Аурухана қызметкерлері енді қыс мезгілінде тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуді үздіксіз қамтамасыз ете алады. Жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырумен қатар, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын жасау. Аудан әкімдігі мен жауапты мекемелердің үйлесімді еңбегінің нәтижесінде Марқакөл аудандық ауруханасы алдағы қысқы кезеңге толық дайын.
Биыл көмір бағасы өзгеріссіз қалды
Марқакөл ауданында көмірдің бағасы басқа аудандармен салыстырғанда қымбат. Бұған елді мекендердің шалғай орналасуы мен логистикалық әлеуеті әсер етіп отыр. Соған қарамастан, ауданда биыл көмір бағасы өзгеріссіз қалды.
Былтыр облыста көмірдің бағасы тоннасына 15-22000 теңге аралығында болса, әлеуметтік көмірдің бағасы 15300 теңге төңірегінде болған. Қазіргі таңда көмір облыстың темір жол тұйықтары бар қалалары мен аудандарында 21 аймақтық операторлар арқылы үйлестіріліп жатыр. Темір жол тұйықтары жоқ елді мекендердегі тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға көмірді «Қаражыра» кенішінен немесе жақын маңдағы нысандардан жекелеген жеткізушілерден тасымалдайды.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Жібек Нұрахмет






