Ерлік – ұрпаққа өнеге: Күршімдік ардагердің қан майданнан қарапайым еңбекке дейінгі даңқты жол
depositphotos.com
Қанды қырғын мен сұрапыл соғыстың от-жалынын кешіп, бейбіт өмірдің бейнетті жүгін де арқалап өткен Дүкен Жүнісұлы Қалитовтың ғұмыр жолы – ХХ ғасырдың ең ауыр да ең даңқты кезеңдерінің ортасынан ойып тұрып орын алатын тағдырлы да тағылымды тарих. Соғыста жау аспанын жарып өткен десантшының ерлігі мен бейбіт күндегі адал еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Оның өмір жолы – елге қызмет етудің, адамдық пен ар-намыстың асқақ үлгісі, деп хабарлайды Altainews.kz.
Дүкен Жүнісұлы Қалитов – тағдыр тауқыметін ерте тартса да, қайсарлық пен табандылықтың биік үлгісін көрсеткен есіл ер. 1923 жылдың 15 наурызында Күршім ауданының Қаражыра ауылында дүниеге келген оның балалық шағы да, жастық шағы да заманның ауыр сынына толы еді. Бастауышты Қосағашта, 4–7 сыныпты Ақтүбек мектебінде оқып аяқтаған ол, ата-анасы ерте қайтыс болған соң, жоқшылықтың салдарынан ары қарай білімін жалғастыра алмайды. Өзіне ақылшы, тірек болған 16 жас үлкен ағасы Кәрімнің қолында өседі. Бірақ тағдыр тағы бір ауыр соққы жасап, 1943 жылы ағасы Кәрім Ұлы Отан соғысында, Ржев түбіндегі қанды шайқаста қаза табады.
Артынан ерген інісіне қорған болған ағасының ерлігі Дүкеннің жүрегіне мәңгі өрнектеліп қалды. Сол батырлық рух, елге деген адалдық сезімі оны 1942 жылдың тамызында әскерге аттандырғаны анық. Өскеменге жиналғандардың ішінен 30 жігітті таңдаған әскерилер оларды Москва түбіндегі Тейково қаласына, әуе десантын дайындайтын бөлімге жібереді. Бұл – от пен оқтың ортасына түсетін нағыз жауынгерлер шыңдалатын мектеп еді. Алдымен жерге парашютпен секіруді меңгерген жас сарбаздар кейін «Дуглас» ұшағынан секіруді үйреніп, жауынгерлік тактика мен әскери машықты жан-тәнімен игереді.
Осылайша шыңдалған Дүкен Қалитов 1943 жылдың наурызында Солтүстік-Батыс майданына қосылып, сұрапыл соғыстың нағыз ортасына түседі. Кейін оның әскери бөлімі 2-Украина майданының құрамында Украина мен Белоруссияны, Румыния, Венгрия, Чехословакия елдерін азат етуге қатысады. Жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алғанымен, Дүкеннің жауынгерлік жолы мұнымен аяқталмайды. Көп ұзамай Шығыста жапон милитаристеріне қарсы майдан ашылып, ол Үлкен Хинган үстірті мен Моңғолияның шөл даласын кесіп өтіп, Манчжурияны азат етуге қатысады. Осылайша 1947 жылға дейін Совет Армиясы қатарында қызмет етіп, тек содан кейін ғана туған еліне оралады.
Днепрден өту – ерліктің алтын беттері
1944 жылдың сәуірі – қарт майдангердің есінде мәңгі қалғандай. Дүкен Қалитов қызмет еткен взводқа аса маңызды тапсырма жүктеледі. Түн жамылып Днепрден өтіп, негізгі күшке жол ашу. Су мұздай, аспан жау жарықтандырғыш ракеталармен толассыз жарықтандырып тұр. Ағаш салдармен арғы бетке жүзіп бара жатқан взводты екі жақтан да оқ жауып, ажал құрсауына алғандай еді.
Арғы бетке әзер өткен сәтте жау пулеметтері қарша боратып, взводты қыспаққа алады. Дәл осы кезде командирдің «Алға!» деген жарқылдаған үні естіледі. Алайда көп өтпей командир жараланады. Оның көмекшісі Дүкен Қалитов енді басқаруды өз қолына алып, бір жауынгерге командирді кері қайтаруды тапсырады да, өзі «Отан үшін алға!» деп алғашқы боп орнынан атып тұрып, сарбаздарды шабуылға көтереді.
Бұл нағыз ерлік еді. От пен оқтың ортасында жүріп, взводты траншеяға жеткізген Дүкен бастаған сарбаздар жау шебін бұзып, маңызды биіктікті ұстап қалады. Осы ұрыс үшін Д.Қалитов ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.
Даңққа бөленген жауынгер
Қызыл жұлдыз ордені, ІІІ-дәрежелі «Даңқ», ІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары – Дүкен ақсақалдың жауынгерлік жолын айғақтайтын асыл мұралар. Дунай, Днепрден өту, Брно мен Праганы азат етуге қатысқаны үшін алған марапаттары бар. Барлығы – 12 медаль, жиырмадан аса алғыс. Бұл – бастан өткерген қаншама ұрыс, түнгі жорық, өлім мен өмір арасындағы сәттер.
Соғыстан соңғы сабырлы еңбек жолы
Соғыстан оралған соң Дүкен Қалитов елдің еңсесін көтеру ісіне білек сыбана кіріседі. «Верх Иртыш», Киров атындағы колхоздарда партия ұйымының секретары, товарлы-сүт фермасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Кейін Күршім кеңшарының Совет фермасында ұзақ жылдар бойы трактор-егіс бригадасының есепшісі болады.
Есепші деген аты болмаса, оның еңбегі даланың қызы иісі сіңген ауыр жұмыс еді. Мыңдаған гектар жерді жаяу аралап, әр жұмыс сағатын тіркеп отыру – жауапкершілігі мол міндет. Түн ортасы ауғанда ауыл қараңғылық құшағында қалғанда, Дүкен ақсақалдың терезесінен үзілмейтін жарық – оның тынымсыз тірлігінің айғағы болатын.
Ол еңбек адамына жақын жүріп, олардың адал еңбегінің әділ бағалануы үшін уақытпен санаспай қызмет етті. «Тың игергені үшін», «Еңбек ардагері», «Тыңға – 50 жыл» медальдары – оның бейбіт күнгі қажырлы еңбегінің жемісі.
1983 жылы құрметті демалысқа шықса да, ол еңбек майданынан қол үзбей, қойма меңгерушісі болып жұмысын жалғастырады. Партия, комсомол жұмыстарына белсене араласып, бастауыш партия ұйымының секретары, цехтік кәсіподақ комитетінің председателі, жолдастық соттың мүшесі ретінде де талай істің басында жүрді.
Отбасы – өмірлік тірег
Жұбайы Күлбаран екеуі төрт баланы – Лиләш, Нұрзияш, Зинаш және Базарханды тәрбиелеп өсіріп, олардың жоғары білім алуына жағдай жасаған өнегелі отбасы иелері болды. Бүгінде ұрпақтары ел игілігіне қызмет етіп, аталарының еңбек жолын жалғастырып келеді.
Дүкен Жүнісұлы Ұлы Жеңістің 69 жылдығын көріп, 91 жасында, 2014 жылы өмірден өтті. Оның тағдыры – майдангерлерге тән қайсарлықтың, елге деген адалдықтың, еңбекке деген шексіз құрметтің көрінісі.
Ұлы Жеңістің мерейтойы жылында соғыс және еңбек ардагері Дүкен Жүнісұлын ілтипатпен еске аламыз. Қан майданда от кешкен ерлердің ерлігі – ел жадында мәңгі. Ерлік – ешқашан ұмытылмайды.
Нұрсовет Қайыров,
Күршім ауданының құрметті азаматы