KZ
Өскемен
-5°
плотный туман жел 3 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Марқакөлдік Қадиша әженің өмірі өнегеге толы

1.10.2025, 16:00 263 Ержан Әбіш

Қарашілік ауылының қадірлі тұрғыны, марқакөлдік қарт ана Қадиша Тұржанова биыл 103 жасқа толып отыр. Ғасырды еңсерген абыз ананың ғұмыр жолы – халқымыздың тарихымен сабақтас, елдің еңсесін көтеруге бағытталған қажырлы еңбекке толы, дейді Altainews.kz тілшісі.

Қадиша әже соғыс жылдарының қиямет-қайымын бастан өткерді. Майдан даласына ерлер аттанғанда, тылда қалған әйелдер мен жастар ауыр жұмыстың барлығын өз иығына алды. Қадиша Тұржанова да сол кезеңде канал қазып, жер қопарып, елдің қажетіне жараған маңдай терін төкті. Қайсарлығы мен табандылығының арқасында ол жұрт қатарлы еңбек етіп, елдің еңсесін тіктеуге үлес қосты. Кейінірек ветеринария саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосты.

Бүгінде 103 жастағы кейуана – бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың мақтанышы. Ол өмірдің ащы-тұщысын көріп, ұрпақтарына еңбекқорлық пен төзімділік, бірлік пен ынтымақты аманат етіп келеді. Қадиша әже бүгінде 22 немере, 44 шөбере және 9 шөпшектің ортасында немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отыр.

– Барша ұрпаққа тек батамды беремін. Еліміз аман, Қазақстанымызда тек тыныштық болсын. Соғыс болмасын! Мына ұрпақ бейбітшіліктің, тоқшылық пен молшылықтың қадірін білсін, - дейді әже. 

Ұрпағы өркендеген, ел құрметіне бөленген Қадиша әженің ғибратты ғұмыры – келер буынға өнеге, бүгінгі бейбіт күннің қадірін бағалауға шақыратын тағылымды тағдыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу