Келер жылдан бастап энергетикалық сусындарға да акциз енгізіледі
Елдегі салық саласындағы реформалар әрдайым ашықтықты арттыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, цифрландыруды кеңейтуге және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ағымдағы жылдың 18 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған және 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге арналған брифинг өтті. Жиындағы басты спикер – Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Қойшиновтың айтуынша, өзгерістер ашықтықты арттыруға, процестерді цифрландыруға және кәсіпкерлік үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Салық режимдері жетіден үшке дейін қысқарды
Салық кодексі Мемлекет басшысының әділ, ашық, болжамды салық салуды қамтамасыз етуге, соның ішінде салықтық әкімшілендіруді жаңартуға, салықтық бақылауды толық цифрландыруға бағыттайтын жаңа Салық кодексін қабылдануын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Ескерер жайт, елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.
Қосымша құн салығынан босатылған қызметттер кеңейді
Брифингте БАҚ өкілдеріне Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Асхат Жібітаев Қосымша құн салығына қатысты негізгі жаңалықтарды таныстырды.
Асхат Райынбекұлының мәлімдеуінше, ҚҚС-тан босатылған қызметтер – ішкі туризм, отандық кітаптарды басып шығару және археологиялық жұмыстар тізбесі кеңейтілген. Экспорттық айналым күнін анықтау және ҚҚС қайтару тәртібі жеңілдетіліп, тексеру жүргізу мерзімі қысқартылған.
Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап резидент еместердің қызметтері бойынша электрондық шот-фактуралардың міндетті көшірмесі енгізіледі, бұл салық есептілігін толтыруды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ҚҚС-пен күмәнді мәмілелерді болдырмауға бағытталған «е-Тамга» сервисі арқылы ЭШФ-ны бақылаудың жаңа жүйесі енгізілуде.
Заңсыз айналымнан 12 мың литр ішімдік тәркіленген
Жиында ШҚО МКД өкілдері акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесуде өңірде атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы да хабарлады. Осы бағытта акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына байланысты тәуекелдерді болдырмау және азайту мақсатында облыс аумағында мемлекеттік құрылымдар арасында 2024-2025 жылдарға арналған акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген, түрлі бірлескен іс-шаралар мен алгоритмдер кешені әзірленген.
Мемлекеттік кірістер департаментімен және оның аумақтық бөлімшелерімен дербес, сондай-ақ ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментімен тығыз ынтымақтастық орнатылып, ағымдағы жылы акцизделетін өнімдердің төмендегідей түрлері анықталып, заңсыз айналымнан алынған.
Мәселен, бір жыл ішінде 84 факті бойынша 565 мыңнан астам қорап темекі өнімдері, 81 дерек бойынша 12 мың литрден астам алкоголь және 1128 тонна көлемінде мұнай өнімдері тәркіленген. Барлығы бойынша әкімшілік материалдар жасалған. Анықталған фактілер бойынша салынған айыппұлдар 34 млн теңгеден асқан.
«Naqty Onim» мобильді қосымшасы көмекке келеді
Айта кетейік, елімізде тұтынушыларды қорғау үшін тауарлардың түпнұсқалығын тексеруге және заң бұзушылықтар туралы хабарлауға мүмкіндік беретін «Naqty Onim» мобильді сервисі ұсынылған.
Айтылған деректерден көрініп тұрғандай, аймақта контрафактілі темекі өнімдерін, алкоголь өнімдерін және мұнай өнімдерін анықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде және оң динамиканы көрсетуде.
Сонымен қатар, брифинг спикерлері мемлекеттік кірістер органдарына темекі өнімдерін заңсыз сату нүктелерін тиімді анықтау үшін жұртшылық тарапынан тұрақты қолдау қажет дегенді айтады.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артём Жигулин



