Келер жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол салық салу жүйесін түбегейлі жаңартып, әкімшілендіруді жеңілдетуді, бизнес пен азаматтарға арналған заманауи цифрлық сервистерді енгізуді көздейді. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Қойшынов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа құжатқа сәйкес, корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталса да, ол енді салаларға қарай әртүрлі мөлшерлемемен есептелмек. Банктер мен ойын бизнесі үшін 25 пайыздық салық белгіленсе, әлеуметтік сала ұйымдары үшін алғашқы кезеңде жеңілдіктер қарастырылып отыр: 2026 жылы 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 пайыздық жеңілдетілген шарт сақталады.
Қосылған құн салығы 16 пайызға дейін өсіріледі. Дегенмен, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін төмендетілген мөлшерлеме кезең-кезеңімен енгізіледі: келесі жылдан бастап 5 пайыз, одан кейін 10 пайыз. Ал тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап шығару және археологиялық зерттеулер ҚҚС-тан толық босатылады.
Жеке табыс салығы да өзгерістерге ұшырайды. Жаңа жүйе бойынша прогрессивті шкала енгізіліп, 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын табысқа 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Бұл шамамен жылына 34 миллион теңгеден жоғары кіріске қатысты болмақ. Сондай-ақ дивидендтер де осы тәртіппен салық салуға жатады. Алайда зейнетақы төлемдері бойынша қолданыстағы жеңілдіктер сақталады.
Жаңа кодексте акциз салығының жаңа түрі енгізіліп отыр. 10 пайыздық қосымша салық қымбат тауарларға салынады. Мәселен, бағасы 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автокөліктер, 100 миллион теңгеден жоғары тұратын кемелер, литрі 500 мың теңгеден қымбат алкоголь өнімдері мен бір данасы 10 мың теңгеден асатын сигарлар үшін қосымша акциз қолданылады. Бұдан бөлек, құны 450 миллион теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке салынатын салық өсіріледі.
Арнаулы салық режимдері оңтайландырылып, енді тек үш бағыт сақталады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мобильді қосымша арқылы төлеу мүмкіндігі бар режим, жеңілдетілген декларация негізіндегі жүйе және шаруа қожалықтарына арналған тәртіп.
Цифрландыру жаңа кодекстің басты бағыттарының бірі болмақ. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарып, декларациялар алдын ала толтырылатын жүйе арқылы беріледі. ҚҚС қайтару тәртібі де жеңілдетіледі, ал салық органдары қызмет көрсетуші форматқа көшеді.
Сонымен қатар, салықтық берешекті өндіріп алу тәсілдері өзгертіледі. Жаңа тәртіп бойынша шаралар қарыз көлеміне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бизнес үшін ең маңызды жаңалықтардың бірі – мүлік кепілі немесе банк кепілдігінсіз төлемді кейінге қалдыру мен бөліп төлеу мүмкіндігінің енгізілуі.
Осылайша, жаңа Салық кодексі елдегі салық салу жүйесін барынша ашық, әділетті және заманауи талаптарға сай етуге бағытталған.


