25 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді
Бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар 743,9 мың адам бар. Бұл – ел халқының 3,7%-ы. Олардың ішінде 375,2 мыңға жуығы еңбекке қабілетті жаста, яғни қоғам өміріне белсенді араласып, өз әлеуетін іске асыруға дайын азаматтар. Сол себепті бұл санаттағы жандарды жұмыспен қамту мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі.
ҚР Әлеуметтік кодексі мүгедектігі бар адамдарды қорғау мен қолдаудың нақты тетіктерін қарастырады. Атап айтқанда, кемінде 50 адам еңбек ететін кәсіпорындарда жергілікті атқарушы органдар 2–4% аралығында квота белгілейді. Бұл квота ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарды қоспағанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лайықты еңбек орындарының ашылуын қамтамасыз етеді.
Нәтижесінде, 2025 жылдың 3-тоқсанында квота аясында 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылған. Бұл – әр азаматтың өмір сапасын жақсартуға, қоғамға толыққанды араласуына жасалған нақты қадам.
Еңбекке ынталандыру: белсенді шаралар мен жаңа жобалар
Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды жұмыспен қамтудың түрлі белсенді бағдарламаларына кеңінен тартып келеді. 1 қарашаға дейінгі дерек бойынша:
4,8 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты;
538 адам жастар практикасына өтті;
538 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді;
5,7 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды;
758 адам «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа тұрды;
120 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен еңбек жолын бастады;
9 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысты.
Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың жан-жақты екенін айқын көрсетеді. Әрбір бағдарлама — жаңа тәжірибе, еңбек дағдысы және тұрақты табысқа бастайтын жол.
Білім мен кәсіп: жаңа жолдың бастауы
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кәсіби даярлықты күшейту де маңызды. Осы мақсатта 277 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілсе, 4,5 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.
Кәсіп ашуға ынталы азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі (шамамен 1,6 млн теңге) гранттар беріледі. Бүгінге дейін 1,4 мың мүгедектігі бар адам өз кәсібін бастауға қаржылай қолдау алған.
Инклюзивті еңбек нарығы: арнайы жұмыс орындары артып келеді
2018 жылдан бастап халықаралық озық тәжірибе негізінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға жұмсалған шығындарды субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл — жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілікке ынталандыратын маңызды құрал.
2025 жылы осы бағытта 87 арнайы жұмыс орны құрылды. Бұл — әрбір адамның өз қабілетіне сай еңбек етуіне, кедергісіз жұмыс ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Мемлекет мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту ісін үздіксіз жетілдіріп келеді. Квоталау, кәсіптік оқыту, гранттар, белсенді еңбек бағдарламалары, арнайы жұмыс орындарын ашу — бәрі бір мақсатқа бағытталған. Ол – қоғамда ешкімнің шетте қалмауы, әр азаматтың мүмкіндігі мен құқығының тең болуы.
Инклюзивті еңбек нарығы – бұл тек әлеуметтік міндет емес. Бұл – Қазақстанның дамыған, әділетті және ашық қоғамға қадам басуының маңызды көрсеткіші.
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі