Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша 617 млрд теңгеден астам төлем жасалды
Жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 543,1 млрд теңге жұмсалды. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша 74,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 1 қарашаға арналған дерек бойынша, мүгедектігі үшін МӘЖ алушылар – 542,8 мың адам, ал асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алушылар – 175,4 мың адам.
Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, сондай-ақ тиісті жылға белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Асыраушысынан айырылу бойынша төлем көлемі марқұмның асырауындағы адамдар саны мен қайтыс болу себептеріне қарай анықталады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушылары да әлеуметтік тәуекел кезінде МӘСҚ-дан төлем алады. 1 қарашадағы мәлімет бойынша 99,1 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлем, 67,1 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу төлемін алды.
Бұл төлемдердің көлемі жеке табысқа, соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар мөлшеріне, еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейіне, асырауындағы адамдар санына және қатысу өтіліне тікелей байланысты.
Республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына сәйкес 6,5%-ға артты. Үкімет шешімімен МӘСҚ-дан төленетін төлемдер де дәл осы мөлшерде көбейді.
2025 жылы жалпы ауру бойынша мүгедектігі үшін төленетін МӘЖ мөлшері: 1-топ – 101 702 теңге, 2-топ – 81 362 теңге, 3-топ – 55 474 теңге.
Ал 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу төлемдерінің орташа көлемі 72 003 теңгені, асыраушысынан айырылу төлемдерінің орташа мөлшері 75 537 теңгені құрады.