2026 жыл - Халықаралық еріктілер жылы
Фото: Сыртқы істер министрлігі (gov.kz)
Қазақстанның бастамасы бойынша 2026 жыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды.
Еліміздің бастамасы бойынша БҰҰ 2026 жылды тұрақты даму мақсатында Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Халықаралық еріктілер жылын жариялау туралы бастаманы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпы саяси пікірталастары барысында айтқан болатын.
Қазақстан бұл қарарды Армения, Боливия, Германия, Кения және Кирибати арал мемлекетінен келген пікірлес елдермен бірлесіп ұсынды. Бұл құжаттың бірлескен авторлары БҰҰ-ға мүше 54 ел.
Халықаралық еріктілер жылы шеңберіндегі іс-шаралар ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлердегі волонтерлік қозғалысқа қуатты серпін беріп, еріктілік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және оның болашақ дамуының негізгі векторларын айқындауға ықпал етпек.
Айжанат Бақытқызы