Еріктілер қозғалысын дамытудың жаңа Жол картасы жасалады
Фото: egemen.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында Волонтерлікті дамытудың жаңа Жол картасын жасауды ұсынды.
Президент еріктілер қозғалысын дамытуды волонтерлік қоғамда тамыр жайғанша жалғастыра беру керектігін айтты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– Бізге бұл жұмыстарды волонтерлік пен филантроптық қызмет қоғамда берік тамыр жайғанша жалғастыра беру керек. Осы тұрғыдан алсақ, келесі қадамдарды жасауымыз керек. Біріншіден, стратегиялық ұстанымдарды айқындайтын жаңа Жол картасы керек. Осындай құжатты әзірлеу керек. Бұл құжат волонтерлік қызметке қуатты серпін беріп, оның алдағы жылдардағы бағытын айқындауға тиіс. Екіншіден, волонтерлік пен қайырымдылық жұмыстың есептілік жүйесін енгізу керек. Бұл бастама волонтерлік қызметті заңнама деңгейінде ынталандырудың тиімді тәсілдерін енгізуге көмектеседі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент волонтерлік қызмет бұдан әрі кеңірек тамыр жаюы үшін гранттар неғұрлым ұзақ мерзімге бөлінуі керектігін мәлімдеген.
– Үшіншіден, волонтерлік қызмет ұзақмерзімді гранттар енгізу арқылы қолдау табуға тиіс. Бұл тұрғыда қоғам мен жеке салымшылар арасында, ұлттық және халықаралық донорлар арасында орнықты әріптестікті ілгерілету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз