Президент Абу Дабидегі саммитте жаһандық экологиялық мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты. Жиынға әлемнің түрлі елдерінен келген көшбасшылар мен сарапшылар орнықты дамудың жаһандық мәселелерін талқылады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі уақытта әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленістер мен жеткізу тізбегінің бұзылуы бұл жағдайды одан әрі ушықтыруда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл мәселелерді шешу үшін үш негізгі бағытты, атап айтқанда цифрландыру, жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар мен ядролық энергетика салаларын дамыту стратегиясына сүйенетінін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан әлемдік нарыққа маңызды шикізат түрлерін жеткізуді мақсат етіп отырғанын, бұл материалдардың көміртегі шығарындыларын азайту бойынша жаһандық мақсатты жүзеге асыру үшін маңызды екенін айтты.
Фото: Ақорда