KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 2 м/с, В
509.94 593.88 6.43

Еліміздегі қылмыстық істердің 95%-ын ішкі істер органдары тергейді

25.12.2025, 17:30 135 Төлеуғазы Жансая

Тергеу – үлкен жауапкершілік пен аса жоғары кәсібилікті талап ететін сала. Бұл – жай ғана заң нормаларын қолдану емес, адам тағдырымен тікелей байланысты күрделі процесс. Әрбір қылмыстық іс – бір өмір жолы, ал әрбір айғақ – ақиқатқа бастайтын маңызды дәлел. Пазлдың бөлшектерін біртіндеп жинағандай, шырғалаңға толы жағдайдан шындықты анықтау – тергеушінің басты миссиясы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне порталына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев 2025 жылғы тергеу қызметінің қорытындыларын жариялап, саланың бүгінгі ахуалы мен негізгі басымдықтарына тоқталды. Қазіргі таңда тергеу және анықтау органдарының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Сонымен қатар қылмыспен келтірілген материалдық шығынды өтеу, тергеудің мерзімі мен сапасын сақтау, сондай-ақ қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жоюға бағытталған нақты шаралар қабылдау маңызды болып отыр.

Бұл бағытта ішкі істер органдарының жүктемесі айтарлықтай жоғары. Себебі елімізде тіркелетін барлық қылмыстық істердің 95 пайызы дәл осы полиция органдары тарапынан тергеледі.

Сандық көрсеткіштер – ауқымды жұмыстың айғағы

2025 жылдың басынан бері тергеушілер мен анықтаушылардың өндірісінде **216 мыңға жуық қылмыстық іс** болған. Нәтижесінде 54 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Аяқталған істер бойынша келтірілген шығынның 40 пайызы өндірілді, бұл – жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіру жолындағы маңызды нәтиже.

Мұхтар Қожаевтың айтуынша, бұл көрсеткіштер тергеу қызметкерлерінің жүйелі әрі табанды еңбегінің жемісі.

Алаяқтық – заманауи қылмыстың басты қатері

Бүгінгі таңда цифрландырудың кеңінен таралуына байланысты қылмыстардың құрылымы да өзгеріп келеді. Елімізде тіркелетін қылмыстардың 40 пайызы алаяқтыққа тиесілі болса, оның 60 пайызы интернет арқылы жасалады. Қазақстанда интернет-алаяқтық істері тағы да күрт көбейді. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Бірыңғай тергеу тізіліміне интернет арқылы жасалған 20,4 мың қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26,3 пайызға көп.

Ең кең таралған түрі – банктен келгендей болып хабарласу. Қаскөйлер азаматтарға «ақшаңыз қауіпте, оны қауіпсіз шотқа аудару керек» деген сылтаумен алдап, қаражаттарын иемденеді. Биыл осындай 5 мыңға жуық іс тіркелген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп. Екінші орында – жалған онлайн жарнамалар мен қызмет ұсыныстары: 4,4 мың жағдай (өсім 8,3%). Үшінші орында – онлайн несиелер арқылы жасалған алаяқтықтар, олардың саны 4 мың жағдайға жетіп, 50,7 пайызға артқан.

Криптовалюта және қаржы пирамидаларына қатысты істер де аз емес – тиісінше 425 және 1,2 мың жағдай тіркелген. 2024 жылдың шілдесінде Ұлттық банк жанынан Антифрод орталығы құрылған болатын. Оның көмегімен соңғы он айда 60 мыңнан астам заңсыз операция анықталып, 2,5 млрд теңгеден астам залалдың алдын алу мүмкін болған.

Барлық алаяқтық түрлерінен келген жалпы шығын 2025 жылдың тоғыз айында 116,9 млрд теңгеге жеткен. Соның ішінде интернет-алаяқтықтың үлесі 8,3 млрд теңге. Ал зардап шеккен азаматтардың ақшасын қайтару қиын: қазір шығынның 37,1 пайызы ғана өндірілген, бұрын бұл көрсеткіш 18–19 пайыз деңгейінде болған.

Мұндай қылмыстарды тергеу айрықша күрделі. Алаяқтар өз әрекеттерін барынша жасырып, цифрлық сервистерді, үшінші тұлғаларды, так называемый «дропперлерді» пайдаланады. Көп жағдайда қылмысты ұйымдастырушылар шетелде орналасады, бұл жедел-тергеу амалдарын жүргізуді қиындатады.

Соған қарамастан, ІІМ Тергеу департаменті бұл бағытта да нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

2025 жылы Тергеу департаменті 26 адамнан тұратын трансұлттық қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады. Қылмыскерлер шетелден Қазақстанға sim-box құрылғыларын заңсыз әкеліп, еліміздің операторларының атына тіркелген мыңдаған sim-картаны пайдаланған.

Тергеу барысында:

18 мың sim-карта,

28 sim-box құрылғысы тәркіленді.

Күдіктілердің барлығы қамауға алынды. Қылмыстық топтың дер кезінде әшкереленуі нәтижесінде көптеген азаматтар ірі қаржылық шығынға ұшыраудан аман қалды.

Павлодар облысында орын алған алаяқтық дерегі де тергеушілердің жедел әрекетінің үлгісі болды. Қылмыскерлер бір азаматты «қаржы компаниясының заңгеріміз» деп алдап, оның сеніміне кіріп, 90 млн теңгеге жуық қаражатты иемденген. Жәбірленушінің уақытылы полицияға жүгінуінің арқасында криптоәмияндар, дропперлер және қылмысты ұйымдастырушы анықталды. Қазіргі таңда шығынның бір бөлігі өтеліп, қалған соманы өндіру жұмыстары жалғасуда.

Тергеушілердің маңызды міндеттерінің бірі – қылмысқа ықпал ететін себептерді жою. Бұл жұмыс Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес арнайы ұсыныстар енгізу арқылы жүзеге асырылады.

2025 жылы тергеушілер мен анықтаушылар 55 мыңнан астам ұсыныс енгізді. Нәтижесінде қауіпті аймақтарға 1200 бейнебақылау камерасы орнатылып, жол-көлік оқиғалары жиі болатын трассаларда 1100 жол белгісі қойылды. Заңсыз әрекетке жол берген 70 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысы тоқтатылып, бұрын шартты түрде сотталған, қайта қылмыс жасаған 12 адам бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды, сондай-ақ130 мектепте профилактикалық түсіндіру шаралары өткізілді.

Алматы және Жамбыл облыстарында қараусыз жүрген мал мәселесін шешу мақсатында қоралар салынып, 4,5 мыңнан астам жылқыға чип тағылды, шаруа қожалықтарына бейнебақылау орнатылды.

Тергеушілердің біліктілігін арттыру – ведомствоның басты назарындағы мәселе. Заңнамаға өзгерістер енгізілген жағдайда қызметкерлер арнайы оқудан өтеді. Жаңа нормалар қолданысқа енбей тұрып-ақ, тергеушілер жан-жақты дайындалады.

Сонымен қатар бұрын жасалған, ашылмай қалған қылмыстар да назардан тыс қалмайды. Тергеушілердің табандылығының арқасында кейде ондаған жыл бұрынғы істер қайта жанданып, әділдік орнайды.

ШҚО тәжірибесі: профилактиканың нақты нәтижесі

Шығыс Қазақстан облысында мас күйінде жасалатын қылмыстар өзекті мәселе болып отыр. Облыста шамамен 700 қылмыс мас күйінде жасалған. Алайда тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде 15 ауыл алкогольден саналы түрде бас тартып, бұл елді мекендерде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының орын алу себептерінің бірі мас күйде көлік басқару екенін атап өткен жөн.

Мас күйде жасалған жол-көлік оқиғасы салдарынан адамдар қаза тауып, ондағаны жарақат алған . 1 мыңнан аса мас күйде көлік басқарған жүргізуші ұсталды, олар кейіннен облыс тұрғындарының өміріне қауіп төндіріп, адам өліміне немесе ауыр жарақаттарға себеп болуы мүмкін еді.

Сондықтан мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу басым бағыттардың бірі.

«Алкогольдік қылмыстың» профилактикасы тұрақты әрі кешенді тәсілді талап етеді. Тұрғындардың әсіресе жастардың бос уақыттарын спортта, мәдени өмірде тиімді пайдалануы, әлеуметтік шиеленістердің азайуымен және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етері сөзсіз. Сол себепті, біздің жұмысымыздың келесі маңызды бағыттарының бірі мәдениет пен спортты дамыту болып табылады.

11 жылдан кейін ашылған қылмыс

Алматы қаласында тергеушілердің кәсіби шеберлігінің арқасында 11 жыл бұрын жасалған ауыр қылмыс ашылды. Зейнеткерді қасақана өлтірген адам ұзақ жылдар бойы анықталмаған. Қайта тергеу барысында дәлелдер жан-жақты талданып, куәгерлерден қосымша жауап алынып, нәтижесінде қылмысты жасаған адамның марқұмның өз қызы екені анықталды. Қылмыс пайдакүнемдік мақсатта жасалған.

Ішкі істер органдарының тергеу бөліністері – еліміздегі құқықтық тәртіп пен әділдіктің басты тіректерінің бірі. Күн сайын мыңдаған істі қарап, сан түрлі тағдырмен бетпе-бет келетін тергеушілердің еңбегі көзге көрінбегенімен, қоғам үшін маңызы орасан. Тергеу – бұл тек заңды қолдану емес, бұл – әділдікке апарар жол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу